2025 жылдың 28 қазанында Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында суретші Екатерина Терехованың «Солтүстіктен – Оңтүстікке сапар» атты жеке көрмесі ашылады.
«Солтүстік – Оңтүстік» деген сөздердің астарында не жатыр?
Бұл тек география немесе желдің бағыты ғана емес. Бұл – ішке және сыртқа бағытталған сапар, қарама-қайшылықтар мен жаңалықтарға толы жол. Солтүстіктің суық реңктерінен бастап, жылы оңтүстіктің күншуағына дейінгі бағыт суретші үшін жан сапарына айналады. Мұнда кереғар дүниелер бір ырғақта тоғысады.
Жол алға ұмтылған сайын қалалар, жолдар, табиғат, адамдар өзгеріп отырады. Бірақ жол неғұрлым ұзара түссе, алыс көрінген нәрселер соғұрлым жақындай түседі. Солтүстік пен Оңтүстік, суық пен ыстық, тыныштық пен құмарлық – бәрі де Жердің жарыққа, түске және тынысқа толы біртұтас кеңістігінің бөлшектері.
Екатерина Терехова 1997 жылы Мәскеу қаласында дүниеге келген. Қазіргі уақытта Алматыда тұрып, жұмыс істейді. Ол кәсіби білімін О. Тансықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде және Мәскеудегі 1905 жылдың құрметіне аталған академиялық көркемсурет училищесінде алған. Қазіргі таңда Екатерина Ресей мемлекеттік мамандандырылған өнер академиясында «Станоктық кескіндеме» мамандығы бойынша білім алуда (6-курс студенті). Оның шығармашылығы бүгінде өнерсүйер қауым мен дипломаттар арасында, тіпті шетелде де жоғары бағаланып үлгерген.
Суретші өз туындыларында тек көзбен көрген әсерлерді ғана емес, дүниені философиялық тұрғыдан қабылдауды да жеткізуге ұмтылады. Оның картиналарындағы табиғат – тірі, тыныс алатын, үнемі өзгеріп отыратын, өзіндік тереңдігімен де, айқын бояуымен де ашыла түсетін әлем. Өзендер, далалар, таулар мен теңіздердің кеңдігі бір мезетте тыныштық пен қозғалыс сыйлайды, ал адамдардың бейнелері – үйлесімнің, табиғилық пен ішкі күштің көрінісіне айналады.
Екатеринаның импрессионистік жазу мәнері оның туындыларына нәзіктік пен жеңілдік береді. Бұл көрерменді ойша «Солтүстік – Оңтүстік» пойызының терезесінен өмірге үңіліп отырған саяхатшыға айналдырады.
Көрме 2025 жылдың 23 қарашасына дейін жалғасады.
Жұмыс уақыты: 10:00 – 19:00. Демалыс күні – дүйсенбі.
Көрме кураторы: Кусаинова Бибигуль