2025 жылдың 7 қараша күні, сағат 16.00 де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында ҚР Суретшілер одағының мүшелері Құралай Аманжолова, Виктория Цой, Светлана Цой суретшілердің «АЛМАТЫДАҒЫ СЕРУЕН» атты бірлескен шығармашылық көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.
Экспозицияда 80 жуық кескіндеме туындылар қойылады.
Аталмыш көрмеде суретшілер пленэрлік туындыларында Алматы қаласының сұлу келбетін бейнелей отырып, күнделікті қозғалыс пен құбылыстың уақытын тоқтатып, қас қағым сәтті мәңгілікке айналдырғандай әсер қалдырады. Қылқалам шеберлері – Құралай Аманжолова, Светлана Цой, Виктория Цой әрбір сюжеттік композициясындағы ерекше палитра арқылы уақыт кеңістігінің динамикалық ырғағын сезінуге және сол атмосфераны еркін қабылдауға мүмкіндік береді. Әсіресе, жарық пен түстің қатынасы арқылы суретшілер қаланың таңғы сергектігін, түскі қарбаласын, кешкі тыныштығын бір мезетте көрсете, көрермендер сюжетпен тікелей байланыс орната алатындай әсер туғызған.
Көрменің ерекшелігі – әр автордың қалаға деген өзіндік көзқарасы мен суреттеу мәнерін көрсете білуінде. Суретшілердің әр қылқалам ізінен – қаланың өткені мен бүгіні, табиғаты мен тылсым болмысы, заман ағымындағы халықтың өмір тіршілігі туралы әңгіме қозғайды.
Экспозицияда суртшілердің әрбір туындысы мегаполис өмірінің әр сәті, күннің шығуы мен батуындағы жарық пен көлеңкенің ойыны, көшелердің қимылы мен тыныштығы қатар өріліп, көрерменді ерекше сезімге бөлейді. Қала көріністерінің астарында адамдардың рухани әлемі, олардың өмірге деген көзқарасы, табиғат пен қоғам арасындағы нәзік байланысты бейнеленген.
Негізінде пленэрлік жұмыстардың тағы бір ерекшелігі – олардың шынайылығы мен энергиясы. Мұнда әрбір жұмыс – қалаға арналған махаббат хаты, әрбір бояу – уақыттың куәсі.
Суретшілер туралы мәлімет:
Цой Виктория Ильинична
Кәсіби суретші, ҚР суретшілер одағының мүшесі, халықаралық конкурстар мен фестиваль дипломанты, «Лидер Азии» иегері. 1998 жылдан бастап республикалық, халықаралық көрмелерге, симпозиумдар, шығармашылық жобалар мен конкурстарға қатысып келеді. Қазақстанда, Кореяда жеке шығармашылық көрмесін өткізді. Суретшінің туындылары Қазақстан, Корея, Жапон, Австралия, БАӘ, Түркия, Ресей, АҚШ, Германия, Словакия, Латвия галереяларында орын алады.
Аманжолова Құралай Магауяқызы
Кәсіби суретші, ҚР суретшілер одағының мүшесі, «Таң шолпан» халықаралық тәуелсіз әйел суретшілерінің қоры мүшесі, ҚР Мәдениет саласындағы үздігі, Turkish National Committee, Official Partner of UNESCO халықаралық өнер қауымдастықтарының мүшесі. 1999 жылдан бастап республикалық, халықаралық көрмелерге, симпозиумдар, шығармашылық жобалар мен конкурстарға қатысып келеді. Қазақстан және Кипр де жеке көрмесін өткізді.
Цой Светлана Вениаминовна
Кәсіби суретші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, халықаралық конкурстар мен фестиваль дипломанты, «Лидер Азии» иегері. Ақтау қаласында өткен пленэр байқауының 3-орын иегері. 2007 жылдан бастап республикалық, халықаралық көрмелерге, симпозиумдар, шығармашылық жобалар мен конкурстарға қатысып келеді. Суретшінің туындылары Қазақстан, Қытай, Түркия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Дубай, Абу-Даби галерияларында орын алады.
Көрме 6 желтоқсанға дейін жалғасады.
Көрме жетекшісі: Жуваниязова Гүлнар