Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылғы 24 сәуіріндегі ХХХІҮ сессиясында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында Түпқараған аудандық Тарас Шевченко мемориалдық музейінің қорынан ҚР Ұлттық орталық музейінде «Қазақ даласындағы Кобзарь: тарих пен тағдыр тоғысы» атты көрмесін ұсынады.

Көрмеге Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің Түпқараған аудандық филиалының қорынан алынған 160 жәдігер көрермен назарына ұсынылады.

Көрме екі бөлімнен тұрады:

1. «Қазақ даласын қылқаламмен асқақтатқан...» көрмесі Т.Шевченконың Арал мен Маңғышлақ кезеңі.

Бұл бөлімде Т.Г. Шевченконың қазақ жерінде жасаған туындылары таныстырылады. Экспозицияға 58 картинаның репродукциясы қойылады. Шевченконың бейнелеу өнеріндегі 350-ге жуық еңбегінің 200-ге жуығы қазақ даласының табиғаты мен тұрмысына арналған. Оның шығармашылығы — қазақ халқының тағдырына жанашырлықпен қараған ойлы зерттеушінің баға жетпес мұрасы.

1847–1850 жылдары Т.Г. Шевченко Орынбор, Орск және Арал өңірінде, ал 1850–1857 жылдары Маңғыстау түбегіндегі Новопетровск бекінісінде айдауда болды. Осы жылдары ол екі ірі экспедицияға қатысып, дала өмірін қылқаламға түсірді.

Арал экспедициясы (1848–1849 жж.): «Даладағы өрт», «Жалғыз ағаш», «Райым бекінісі», «Қосаралдағы шхуналар».

Қаратау экспедициясы (1851 ж.): «Қанға-баба», «Долана аңғарындағы түркмен зираты», «Ақмыш шатқалы», «Шерқалатау», «Айлы түндегі тау көрінісі».

2. «Украин сүлгілерінің сиқырлы әлемі» көрмесі

Көрменің екінші бөлімі — музей қорындағы ерекше рушниктерге арналады. Экспозицияда 26 рушник, сонымен қатар украин халқының ұлттық киімдері, тұрмыстық бұйымдары мен кітаптар қойылады.

Әр рушник украин халқының тұрмыс-салтын, наным-сенімін, қолөнер шеберлігін паш ететін баға жетпес мәдени мұра болып табылады.

Көрме қазақ және украин халықтарының тарихи байланысын жаңа қырынан ашып, екі елдің ортақ мәдени құндылықтарын кеңінен таныстыруды көздейді.

Көрменің мақсаты: Қазақ және украин халықтарының тарихи байланысын жаңа қырынан ашу. Екі елдің ортақ мәдени құндылықтарын таныту. Т.Г.Шевченконың қазақ даласындағы шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау. Халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайту.

Өтетін мерзімі: 7 қараша – 7 желтоқсан 2025 жыл

Өтетін орны: Алматы қаласы, ҚР Ұлттық орталық музейі. Самал-1, 44.