20 қараша күні, сағат 19:00-де Республика сарайының сахнасында Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық филармониясының 90 жылдық мерейтойына орай  барлық өнер ұжымдары қатысатын ауқымды Гала-концерт өтеді.

Бұл кеш қазақ музыка өнерінің бай мұрасы мен алуан түрлілігін, ұжымдардың жоғары орындаушылық шеберлігін паш ететін нағыз мерекеге айналмақ. Сахна төрінде:

  • Н.Тілендиев атындағы фольклорлы-этнографиялық академиялық «Отырар сазы» оркестрі
  • Т.Әбдірашев атындағы Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі
  • ҚР үрмелі аспаптар оркестрі
  • Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы
  • Мемлекеттік классикалық гитаристер квинтеті
  • Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті
  • Мемлекеттік қарағайлы-үрмелі аспаптар квинететі

және белгілі солистер, домбырашылар мен пианистер өнер көрсетеді.

Концерт бағдарламасы ұлттық және әлемдік классикалық музыканың інжу-маржандарын қамтиды. Қазақстанның көрнекті композиторлары Нұрғиса Тілендиевтің, Мұқан Төлебаевтың, Еркеғали Рахмадиевтің, Тілес Қажғалиевтің, Асқар Бестыбаевтың және ұлы әлемдік классиктер Людвиг ван Бетховеннің, Николай Римский-Корсаковтың, Антонио Вивальдидің, Пабло Сарасатенің шығармалары шырқалады.

Көрермендер Н.Тілендиевтің "Махамбет" күйін, "Өз елім", "Құстар әні", "О, туған жер" әндерін, "Аққу" күйін, сондай-ақ Абайдың "Айттым сәлем Қаламқас" әнін, М.Төлебаевтың "Біржан-Сара" операсынан Мерекелік биді және Л.ван Бетховеннің Симфония №9-дан үзіндісін тыңдай алады. Сондай-ақ, домбырашылардың "Баламишка", "Әлқисса" күй тартысы және екі фортепианоға арналған күрделі шығармалар орындалады.