ҚР Ұлттық орталық музейінде 2025 жылдың 20 қарашасы, сағат 11:00-де қазақтың көрнекті ақын-жазушылары – С.Мұқановтың 125 жылдық, М.Қаратаевтың 115 жылдық, І.Есенберлиннің 110 жылдық, Ж.Молдағалиевтың 105 жылдық, А.Мекебаев пен М.Мағауиннің 85 жылдық мерейтойлары аясында «Халық жүрегіндегі қаламгерлер» көрмесі ашылады.
XX ғасырдың орта кезенінде қазақ әдебиетінде поэзия, публицистика, драматургия саласы ерекше дамыды. Ақын-жазушылардың шығармалары халықтың рухын көтеруге, жеңіске жету жолындағы табандылыққа арналды. ҚР Ұлттық орталық музейінде жыл сайын ақын-жазушылардың мерейтойлары дәстүрлі түрде атап өтіледі. Биыл да шоғыры биік қаламгерлерге арналған іс-шара – атаулы көрме ретінде жалғасын таппақ.
Қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі Сәбит Мұқановтың еңбектері қазақ халқының өміріндегі төңкерістік ірі кезеңдерді шебер бейнелеген келелі шығармалар. Жазушының «Ботагөз», «Менің мектептерім» романы, «Балуан Шолақ» повесі, «Сырдария» романы, «Поэзия маршалы», «Майданға хат», «Жеңімпаз» және басқа да прозалық, поэзиялық шығармаларының шоқтығы әсте биік. Прозада ол роман мен мемуарлық әдебиеттің дамуына үлес қосты.
Биыл әдебиет зерттеушісі, сыншы-ғалым, жазушы Мұхамеджан Қаратаевтың туғанына – 115 жыл. Академик Мұхамеджан Қаратаев – қазақ-кеңес әдебиетінің балаң кезеңінен атсалысып, онымен бірге өсіп, біте қайнасқан аға буын өкілі, ірі қайраткер, бұралаң соқпақты, ауыр жолды өткен тағдыры күрделі қаламгер. Оның өмірбаяны Қазақстан Жазушылар Одағы, Қазақстан Ғылым Академиясы, Қазақ энциклопедиясы секілді белгілі бір ұлттың мәдени, әдеби, ғылыми қасиетті үш шаңырағының қалыптасу, өрлеу кезеңдерімен егізқатар өрілген.
Қазақ әдебиеті дамуының тарихында есімі аса құрметті орындардың бірін алатын көрнекті жазушы, ұлт рухын тірілтіп, халықтың тарихи санасын оятқан Ілияс Есенберлин – туған жеріне, өскен еліне шығармагерлік еңбегімен, талантымен, тың тақырыптарға түрен салуымен танылған ірі қаламгерлер. Қазақ әдебиетінде алғашқы болып тарихи зерде тамырына қан жүгірткен жазушының әдебиеттегі нағыз орнын белгілеген шығармалары – «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» тарихи романдары. ХV-ХIХ ғғ. ортасына дейінгі қазақ тарихы суреттелген осы романдар «Көшпенділер» трилогиясына біріктірілген. Тарихи жазба деректерге, шежіре мағлұматтарына, аңыз әңгімелерге сүйене отырып, қаламгер қазақ тарихының аса маңызды тұстарын ашып, тарихи қайраткерлердің көркем тұлғасын жасады.
Ж.Молдағалиев – қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы, аудармашы және қоғам қайраткері. Ол Ұлы Отан соғысына қатысып, артиллерия батареясының комиссары болып жұмыс істеген. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Республикалық әдеби-мәдени басылымдарда қызмет еткен, баспада редактор болған қаламгер, ақын, публицист Адам Мекебаевтың шығармалары тақырыбының алуандығымен, тілінің шұрайлылығымен ерекшеленеді. Ол «Жадыра» (1970), «Жезтырнақ» (1973), «Айтылмай қалған аңыз» (1990) атты оннан астам проза кітаптарының, «Періште келіншек» (1982), «Жер кіндігіндегі апат» (1992), «Дауылды жер» (1988), «Қазына сыры» (1994) романдарының, «Жар жағалаған қыз» (2001) повестер жинағының, «Ой түбінде жатқан сөз», «Мың жарым жылдық қате» (2003) атты публицистикалық кітаптардың авторы.
Қазақтың рухани тарихындағы реңкті қалыптастырған ірі суреткер – Мұхтар Мағауин. Ол тек әдебиетшілер үшін ғана емес, мәдениеттанушы, тарихшылар үшін де мол мағлұмат, терең тақырып, шүйгін ой ұсынған, дәлелін дәлдеп, өзіндік тұжырыммен кестелеген олжасы мол тұлға. Оның шығармашылығы арқылы ұлт рухтанып, жастардың жігеріне жалын бітті.
Жоғарыда аталған қаламгерлерді біріктіретін ортақ дүние – шығармаларындағы Отанға деген сүйіспеншілік, патриоттық рух, тіл мен дәстүрге құрмет, тарихқа адалдық.
«Халық жүрегіндегі қаламгерлер» көрмесіне әдебиеттің түрлі жанрына қалам тартқан аталмыш қаламгерлердің жеке заттары, өмірі мен шығармашылығына қатысты бірегей жеке мұрағат материалдары, фото-құжаттары, хаттары, еңбектері қойылады.
Көрменің салтанатты ашылуында белгілі қаламгерлер, ұрпақтары мен өзге де қонақтар өз естеліктерімен бөліседі.