Күздің соңғы айы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры үшін ерекше шығармашылық серпінмен басталды. Қараша айында театр сахнасында бірінен кейін бірі үш жаңа премьера көрермен назарына ұсынылмақ. Бұл – театр репертуарының жаңарып, әртүрлі жанр мен бағыттағы туындылармен толығуының жарқын айғағы.
15–16 қараша күндері Жанат Хаджиев атындағы эксперименталды сахнада қазіргі орыс драматургиясының көрнекті өкілі Олег Богаевтың «Бәрі жақсы…» атты антологиялық жанрдағы спектаклінің премьерасы өтті. Қойылымның режиссері – жас әрі ізденімпаз режиссер Заңғар Ахмет-Қазы.
«Бәрі жақсы…» – адамның ішкі жан дүниесіне үңілетін, рухани жалғыздық пен өмір мәні жайлы терең ой тастайтын сахналық туынды. Уақыт пен кеңістіктің шекарасын жойған бұл спектакльде адамзаттың мәңгілік сұрақтары мен ізденісі көрініс табады. Рольдерде театрдың тәжірибелі артистері – Күльжамила Белжанова, Райхан Қалиолдина, Динара Шымырбаева және басқа да сахна шеберлері өнер көрсетеді.
Қойылымның көркем безендірілуі, музыкалық сүйемелдеуі мен жарық шешімі ерекше атмосфера қалыптастырып, көрерменді үміт пен сенімнің құдіретіне шақырады.
20 қараша күні сағат 11:00-де театрдың үлкен сахнасында кішкентай көрермендерге арналған жаңа қойылым – Евгений Шварцтың мәңгілік классикасына негізделген «Күл бикеш» ертегісінің премьерасы өтті. Қойылымның режиссері – Антон Зайцев. Рольдерді ҚР Халық артисі Лидия Кәден, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сәкен Рақышев, Нүсіпәлі Ұлан, Райхан Қалиолдина, сондай-ақ Гүлбахрам Байбосынова, Динара Нұрболат және өзге де жас артистер ойнайды.
Классикалық ертегіні заманауи сахна тілінде жаңаша ұсынған бұл қойылым мейірім мен үміт, батылдық пен сенім сынды мәңгілік құндылықтарды дәріптейді. Күл бикештің тағдыры арқылы көрермен жақсылықтың түбі жеңіске жететінін, мейірім мен шынайылықтың ең биік сұлулық екенін ұғынады. Сахналық безендіру мен жарқын костюмдер, сиқырлы музыка мен пластикалық би көріністері кішкентай көрермендерді ғажайыптар әлеміне жетелеп, үлкендерге балалық шақтың иісін еске салады.
Қарашаның 29–30 күндері театр сахнасында ұлы орыс классигі Николай Гогольдің «Ревизор» комедиясы жаңа интерпретацияда көрерменге жол тартады. Қойылымның режиссері – белгілі театр қайраткері Фархад Молдағали. Бұл сатиралық туынды қоғамдағы екіжүзділік, мансапқорлық, жемқорлық сынды өзекті тақырыптарды өткір әжуамен бейнелейді. Фархад Молдағали сахналаған жаңа нұсқа классикалық драматургияның мәні мен заманауи режиссураның жаңаша шешімдерін үйлестіріп, көрерменге ойлы, әсерлі спектакль ұсынады.
Бұл премьералар театр өміріндегі жаңа белес болып, көрерменге қуаныш, ой, әсер сыйлары анық. Қалалық көрермен қауымына арналған бұл сахналық туындылар театрдың рухани кеңістікті байытып, көрермен жүрегіне жол салудағы үлкен қадамы.
Театрдың баспасөз бөлімі