Almaty Museum of Arts қазақстандық суретші Бақыт Бүбіқанованың (1985–2023) «Ғажайып» (2023) атты инсталляциясын зор мақтанышпен ұсынып отыр. Гонгконгтегі Centre for Heritage, Arts and Textile (CHAT) үшін арнайы жасалған бұл туынды автордың соңғы көлемді жұмысы еді және жергілікті өнерсүйер қауым назарына бірінші рет ұсынылмақ.
2025 жылы «Ғажайып» Almaty Museum of Arts топтамасына еніп, мұражайға соңынан қосылған аса маңызды әрі өнер ордасының заманауи қазақстандық өнерді қолдау, сақтау және насихаттау миссиясына толық сай келетін экспонаттың бірі боп отыр.
«Ғажайып» – аралас техникада жасалған кеңістікке арналған көлемді инсталляция. Композиция қолдан боялған ағаш тақтайшалар, сәндік арка, ою-өрнекпен көмкерілген маталар мен киіз, сондай-ақ бұтақтардан тоқылып шілтерлі матамен өрілген жұлдыз тәрізді жарық нысаннан құралған. Бұл туынды кескіндеме, объектілік және сценография элементтерін өзара тоғыстырып, кеңістікті қиял мен шынайы өмір біте қайнасқан тұтас символдық әлемге айналдырады.
Ішкі әлемі мен шығармашылықтағы батылдығын байқаған курстастары «Баха-фестиваль» атап кеткен Бақыт Бүбіқанованы қазақстандық суретшілердің жаңа буынының жетекші есімдердің біріне айналды. Қазақ ұлттық өнер академиясында мүсінші мамандығы бойынша білім алған ол «пластикалық ойлауды» кескіндеме, инсталляция, бейнежазба және перформанс салаларына батыл түрде енгізе білді. Оның шығармашылығы жедел экономикалық өсу аясындағы құбылыстар салдарынан болған елдегі күнделікті өмір мен әлеуметтік-мәдени өзгерістер парадокстарын айқын көрсетеді. Бүбіқанова жергілікті және жаһандық элементтерді еркін ұштастыра отырып, «Орталық Азияға тән бірегейліктің» қалыпты бейнелері мен символдарын қайта ой елегінен өткізіп, жаңаша көзқарас қалыптастырумен айналысты.
Бүбіқанова өз шығармашылық әдісі туралы былай деген:«Менің жұмысым сан қатпар қабаттардан тұрады. Әр қабат археология іспетті: тереңірек қаза түскен сайын жаңа бір дүние ашыла береді».
«Ғажайып» аталатын бұл инсталляция – суретшінің 38 жасында өмірден озар алдында толық жасап аяқтаған соңғы туындысы. Бұл инсталляция 2025 жылғы 25 қарашадан бастап Almaty Museum of Arts мұражайының «Өнер көшесі» кеңістігінде ұсынылмақ.
Меруерт Қалиева, Almaty Museum of Arts мұражайының көркемдік жетекшісі:
«Almaty Museum of Arts-тегі “Өнер көшесін” Chapman Taylor сәулетшілері табиғи жарыққа толы ашық кеңістік ретінде жобалаған. Шарын шатқалынан алған шабыт негізінде құрылған бұл кеңістік тек қана келушілерді қарсы алып, мұражай залдарын өзара байланыстырып қана қоймай, оған қоса сәл аялдап, тынығуға және достармен әңгіме-дүкен құруға шақырады.
Сондай-ақ біз “Өнер көшесін” ауқымды ірі инсталляциялар мен көркем ойлардың тұрағы болатын жанды көрме алаңы ретінде пайдалануды жоспарлап отырмыз. Бұл сериядағы бірінші жоба ретінде Бақыт Бүбіқанова туындысының таңдалуы кездейсоқ емес. Ол жарқын әрі ерекше тұлға еді. Өмірден ерте озса да, Орталық Азия өнерінде өшпес із қалдырған шынайы комета. Біз оның «Ғажайып» атты инсталляциясының мұражай қорына еніп, енді келушілерімізді өнер әлеміне жетелейтінін мақтан тұтамыз. Және біз Бақыттың шығармашылығы, дәл осы туынды сияқты, адамдарға ғажайыпқа сенуді жалғастыруға шабыт береді деп шын жүректен үміттенеміз».
Фото: Lusher, CHAT, Гонконг