ҚР Ұлттық орталық музейі, «Шәкен Айманов атындағы  «Қазақфильм» Ұлттық киностудиясы» АҚ және Меңтай киномузейі бірлесіп 2026 ж. 23 ақпанында 15.00-де, Қазақ КСР-нің Халық әртісі, актер, опера әншісі Кәукен Кенжетаевтың 110 жылдығына  және  Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, киноактер Меңтай Өтепбергеновтың 80 жылдығына арналған «Ұлы мұра – ұрпаққа өсиет» атты фестиваль өткізеді.

К.Кенжетаев пен М.Өтепбергенов Қазақстандық кино мен музыканың дамуына орасан үлес қосқан екі жарқын тұлға. Бұл тұлғалардың  шығармашылықтары қазақ киносының алтын қорынан лайықты  орын алған, өнер арқылы халыққа қызмет етудің үлгісі болып танылады.

Іс-шараның мақсаты: алматылықтар мен  қала  қонақтарын, жастарды қазақ кино өнерінің саңлақтары К.Кенжетаев пен М.Өтепбергеновтың  экрандағы бейнелері мен өнердегі қолтаңба естеліктерін және басқа да атақты  кинематографистердің «үздік» деп танылған фильмдерін көрме экспозициялары арқылы кеңінен  таныстыру.   

Фестиваль аясында алғаш рет келушілердің назарына Меңтай киномузейі қорынан 1930-1940 жж. шығарылған киноплакаттар, кинокамералар, кино туралы коллекциялық монеталар, ашық хаттар, күйтабақтар, 1960-1970 жж. кинопленкалар, 1930 ж. «Kodak» проекторы, «Советский экран» журналдары (1925-1998 жж.) көрермендерге ұсынылады.

Бұл – басқа жерде қайталанбайтын, кино өнерінің қалыптасуы мен даму тарихын көрсететін, баламасы жоқ ерекше жинақ, эксклюзивті кино әлемі.

Көрме Қазақстанның жас кинематографистеріне, студенттерге, режиссерлерге, жас операторларға, суретшілерге, опера әншілері мен музыканттарға және өнерсүйер көпшілік қауымға арналады.

 Сонымен қоса, 2026 жылдың 23 ақпан – 2 наурыз аралығында музейде  сағат 11.00-ден бастап «Гаухартас» 1975 ж. (басты рөлде К.Кенжетаев) және «Ғажайып тілектер мен үміттер әлемі» 1988 ж. (басты рөлде М.Өтепбергенов) фильмдері көрсетіледі.