2026 жылғы 13 ақпанда А. Селезнёв атындағы Алматы хореографиялық училищесінде «Педагог. Сахна. Тағдыр» атты салтанатты кеш өтті. Іс-шара Қазақстанның хореографиялық өнерінің көрнекті өкілдері - Эдуард Джабашевич пен Тамара Закировна Мальбековтардың 85 жылдық мерейтойына арналды.
Мерейтой иегерлерінің екеуі де - осы оқу орнының түлектері. Олардың кәсіби жолы ондаған жылдар бойы училищемен тығыз байланысты. Бұл білім ордасында олар білім алып, сахналық тәжірибе жинақтап, кейін педагогикалық және басшылық қызмет атқарды. Осында олардың кәсіби көзқарасы, педагогикалық мектебі және өнерге деген адалдығы қалыптасты.
Эдуард Джабашевич Мальбеков - Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, әр жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солисі, педагог және бірнеше буын артистің тәлімгері. Ол Алматы хореографиялық училищесін басқарды, көркемдік жетекші қызметін атқарды, кәсіби балет білім беру жүйесінің дамуына елеулі үлес қосты.
Тамара Закировна Мальбекова - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, балет әртісі, педагог және тәлімгер. Ол ұзақ жылдар бойы училищеде оқытушы әрі өндірістік практиканы ұйымдастырушы ретінде еңбек етті. Оның шәкірттері бүгінде Қазақстан мен шетелдің жетекші театрларында табысты қызмет атқаруда.
Салтанатты кешке хореографиялық өнер саласының өкілдері, шығармашылық ұжымдардың басшылары, педагогтер, әртістер, түлектер мен студенттер қатысты.
Мерейтой иелерінің атына Қазақстан Республикасы Үкіметі атынан - Премьер-Министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева атынан жолдаған құттықтау хаты оқылды. Онда олардың ұлттық балет мектебін қалыптастыруға, кәсіби білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі атап өтілді.

Сонымен қатарAstana Opera,Astana Ballet, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі, «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі, «Самрук» заманауи би театры, Мемлекеттік академиялық би театры, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінен әріптестер мен шәкірттерден құттықтаулар жолданды.
Кеш бағдарламасының ерекше бөлігі - Эдуард Джабашевич Мальбековтың училищенің 2–3 курс студенттеріне арналған шеберлік сабағы болды. Сабақ барысында академиялық мектептің қағидаттары, әдістемелік дәлдік, музыкалылық пен қимыл мәдениетіне қойылатын талаптар айқын көрініс тапты.
Шеберлік сабағын ассистент Сапугова Алия Абельденовна мен концертмейстер Карменова Тогжан Жанатовна сүйемелдеп, сабақтың үйлесімді өтуін, жұмыс ырғағы мен оқу үдерісінің тұтастығын қамтамасыз етті.

Салтанатты кеш училище тәрбиеленушілерінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солистерінің және «Самрук» заманауи би театры ұжымының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасты.
Өткізілген іс-шара кәсіби орта үшін маңызды мәдени оқиғаға айналып, Эдуард Джабашевич пен Тамара Закировна Мальбековтардың Алматы хореографиялық училищесінің тарихындағы және Қазақстанның хореографиялық өнерін дамытудағы айрықша орнын тағы бір мәрте айқындады.
Олардың өмірлік және шығармашылық жолы - мектеп сабақтастығының, мамандыққа адалдықтың және өнерге ұзақ жылдар бойы қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала береді.