2026 жылдың 4 наурызында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Ұлттық  орталық музейінде мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толуына орай «Өзбекәлі Жәнібеков феномені: тарих, мәдениет және ұлттық сана» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Конференция аясында «Мәдениетте мәңгілік із қалдырған тұлға» тақырыптық көрмесі ашылады. Көрме экспозициясына ҚР Ұлттық орталық музейі, Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы» және Ықылас атындағы музыкалық аспаптар музейі қорларынан алынған ұлттық тарих пен мәдениеттің терең тамырын айшықтайтын бірегей жәдігерлер қойылады.

Конференцияның мақсаты – Өзбекәлі Жәнібековтің өмір жолы мен қоғамдық қызметін, ұлттық мәдениетті жаңғыртудағы тарихи рөлін, тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытындағы сүбелі еңбектерін жан-жақты зерделеу және оның тұлғалық феноменін қазіргі ұлттық сана тұрғысынан ғылыми негізде талдау.

Қазақ руханияты мен мәдениетінің жаңғыру жолында Өзбекәлі Жәнібеков есімі айрықша құрметпен аталады. Ол тарихи-мәдени мұраны сақтап, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Оның бастамалары қазақ этнографиясы, музей ісі және рухани мұраны жүйелеу салаларының дамуына жаңа серпін береді.

Бүгінгі таңда ұлттық бірегейлік пен тарихи жадты сақтау – аса өзекті міндеттердің бірі. Қазақ этнографиясы мен музей ісін заманауи талаптарға сай дамыту, ұлттық құндылықтарды ғылыми негізде зерттеп, келер ұрпаққа аманат ету – уақыт талабы. Бұл бағытта жас зерттеушілердің ғылыми ізденістерін қолдау, олардың тың бастамаларына жол ашу – рухани сабақтастықтың кепілі.

Конференция ғалымдар, мәдениеттанушылар, музей қызметкерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, докторанттар мен магистранттар үшін тәжірибе, ғылыми ой-пікір алмастыру алаңы болмақ.

Ұлттық мұраны ұлықтау арқылы біз тарихи сананы жаңғыртып, болашаққа нық қадам басамыз.

Өткізу нысаны: офлайн/онлайн.