2026 жылдың  1 сәуірі, сағат 15:00  Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Алматы қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде «Таңбалы» мемлекеттік тарихи - мәдени және табиғи музей-қорығының  ұйымдастырумен «Таңбалы: Бабалар коды» атты  халықаралық көрмесі  өтеді.

«Таңбалы: Бабалар коды» көрмесі (суретші фотограф Владислав Кимнің авторлық туындысы) Таңбалы петроглифтерін  заманауи өнер мен цифрлық технологиялар арқылы жаңа қырынан көрсетеді. Көрме - экспозицияның басты қағидасы - аутенттілік пен түпнұсқаны қорғау.  

Арт - объектіде   ежелгі петроглифтер  «бабалар коды» ретінде ұсынылады,  бұл көне дүниетаным, мифология, табиғат пен ғарыш туралы білімді жеткізетін символдық тіл. Иммерсивті мультимедиялық шешімдер келушілерге киелі кеңістік атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді.

Көрменің мақсаты: Таңбалы петроглифтерін жанды мәдени мұра ретінде кеңінен насихаттау және оларды заманауи өнер құралдары арқылы кең аудиторияға қол жетімді ету.

Көрме экспозициясында  жартас суреттерінің түпнұсқасы, «Таңбалы» петроглифтері  бейнеленген арт-объектілер және мультимедиалық цифрлық технологиялар (ЖИ) қолданылады. Келушілерге  көрме катологы және петроглифтер мотивіне сүйене отырып    жасалған  авторлық сувенирлік өнімдер ұсынылады.

Көрме қонақтары:  Алматы қаласындағы  ЮНЕСКО аймақтық өкілдері,  шетелдік  жартас өнері бойынша жетекші мамандар мен  Бүкіләлемдік мұра объектілерінің  басшылары және отандық археологтар, тарихшылар, этнологтар, мәдениеттанушылар, музей саласының  мамандары, жалпы және жоғары білім беру  мекемелері, сонымен қатар  бизнес өкілдері.

Аталмыш көрме презентациясының қорытынды кезеңі «Жартас  суреттерін витринасыз ұсыну: жартас өнерін таныстыру  және оны кеңінен  насихаттаудың заманауи тәсілдері»  атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен аяқталады.

Көрме және конференция «Таңбалы» музей-қорығын әлемдік деңгейде жартас өнерін зерттеу мен насихаттау орталығы ретінде нығайтып, мәдени мұраны сақтау бойынша тұрақты тәжірибелерді қалыптастыруға үлес қосады. Көрме 19 сәуірге дейін жалғасады.