2026 жылғы 10 сәуір күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында «BAIKONUR+07 –  Сан мен сана өнер кеңістігінде» атты көрменің салтанатты ашылуы өтеді.

Жетінші рет ұйымдастырылып отырған бұл жоба жас суретшілердің шығармашылық ізденістерін тоғыстыратын, заманауи өнердегі өзекті мәселелерді көркемдік тұрғыда талқылайтын мәдени алаң ретінде көпшілік назарына ұсынылды.

Қазақстандағы заманауи өнер үдерісіндегі маңызды мәдени бастамалардың бірі – «BAIKONUR» көрмесі биыл жетінші жыл қатарынан өз жұмысын жалғастырып, шығармашылық кеңістігін одан әрі кеңейтуде. «BAIKONUR» көрмесінің бастауында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Көркемсурет» кафедрасының меңгерушісі, профессор Болат Тұрғынбайдың «BAIKONUR» атты жеке шығармашылық көрмесі мен авторлық жобасы тұр. 2019 жылы жүзеге асқан бұл жоба бастапқыда идеялық-эстетикалық эксперимент ретінде көрме-презентация үлгісінде ұсынылып, сандық өркениет дәуіріндегі адамның дүниетанымы мен  көркемдік ойлау жүйесінің өзгерістерін өнер тілі арқылы пайымдауды мақсат етті. Кейін бұл бастама көркемдік-шығармашылық платформаның негізіне айналып, 2020 жылдан бастап жүйелі түрде жалғасын табуда. 

Алғашқы кезеңде көрме Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының қабырғасында ұйымдастырылып, негізінен профессор Б.Тұрғынбайдың шәкірттері, жас суретшілердің  шығармашылық ізденістерін көрсетуге бағытталды. Бұл бастама студенттердің көркемдік тәжірибесін дамытуға, олардың заманауи өнер кеңістігімен байланысын нығайтуға және кәсіби шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.

Пандемиядан кейінгі кезеңде көрменің мазмұндық ауқымы кеңейіп, оған тек Б.Тұрғынбайдың төл шәкірттері ғана емес, сонымен қатар шығармашылық жолын жалғастырып жүрген түлектер, магистранттар мен жас оқытушылар да қатыса бастады.

Соңғы жылдары жоба тақырыбына ерекше ықылас танытқан еліміздің танымал суретшілері көрмеге құрметті қонақ ретінде өз туындыларымен қатысып, жас буынға шабыт беріп, қолдау көрсетіп жүр. Мысалы, биылғы көрмеге қатысатын құрметті қонақтарымыз:

Амандос Ақанаев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Көркем академиясының президенті 

Нэлли Бубэ – Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері

Жұмақын Қайрамбаев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор

Алпысбай Қазығұлов – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы қаласының құрметті азаматы

Серкан Аязбаев – Қазақстандық ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының вице-президенті

Ғали Мырзашев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Естай Даубай – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор

Арыстанбек Шалбаев – «Қызыл трактор» арт-тобының мүшесі, халықаралық деңгейдегі белгілі суретші

Оңғарбек Алхаров – Дыбыс режиссурасы және операторлық өнер кафедрасының оқытушысы, халықаралық фотобайқаулардың лауреаты

Сабыр Байзақов – суретші-кескіндемеші, PhD, танымал жүргізуші-конферансье, тележүргізуші.

Арман Тоқпан – Көпшілік қойылымдар мен шоулар режиссеры, Халықаралық, республикалық, қалалық жобаларды ұйымдастырушы, «Арт-менеджмент және продюсерлеу» кафедрасының оқытушысы, өнер магистрі

Осылайша «BAIKONUR» көрмесі түрлі буын өкілдерінің көркемдік тәжірибесін тоғыстыратын, заманауи өнердегі жаңа бағыттар мен идеяларды талқылайтын өнер кеңістігінде шығармашылық диалог құрды.

Жыл сайын адамзаттың ғарышты бағындыруымен көрініс тапқан ғылым мен техника саласындағы ұлы жетістіктердің символына айналған 12 сәуір – Ғарышкерлер күні қарсаңында ұйымдастырылатын бұл көрме биыл да өзінің тарихи-символдық мазмұнын сақтап, дәстүрлі түрде сәуір айында көрермен назарына ұсынылып отыр.

Биылғы көрменің басты ерекшелігі – оның республикалық деңгейде ұйымдастырылып, еліміздің әр өңіріндегі жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттарының басын қосуында. Сонымен қатар, жетінші рет өткізгелі отырған бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауымен тұспа-тұс келіп, көрменің мазмұны мен маңызын одан әрі арттыра түсті.

Осы көрмеге қатысқан жастар бүгінде өнер саласында өз бағыттарын айқындап, түрлі шығармашылық жобаларға белсенді қатысып, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуде.

Көрме студент жастар арасында маңызды мәдени іс-шаралардың бірі болып саналады. Аталған көрмеде бейнелеу өнерінің әртүрлі бағыттары: кескіндеме, мүсін, дизайн, инсталляция, перформанс, фото және видео өнер, киім дизайны және басқа да заманауи бағыттардағы шығармашылық жұмыстар көрермен назарына ұсынылады.

Осы тұрғыда «BAIKONUR +07 – Сан мен сана өнер кеңістігінде» тақырыбындағы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дәуіріндегі адам санасының трансформациясын, ақпараттық қоғамдағы мәдениет пен өнердің жаңа бейнесін және шығармашылық ойлау жүйесінің өзгерістерін көркемдік тұрғыда пайымдауға бағытталған. Көрме экспозициясында ұсынылатын жұмыстарда заманауи суретшілердің цифрлық өркениет, технологиялық прогресс және адам болмысының өзгеруі туралы философиялық әрі эстетикалық көзқарастары  бейнелеу өнерінің әртүрлі формалары арқылы көрініс табады.

Өнертанушы
Ыдырыс Зухра Асылбекқызы