2026 жылдың 1-19 мамыр күндері аралығында Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде KazakhYuvelir тарихи зергерлік үйінің ұйымдастыруымен «Парыз топографиясы» жобасы аясында көрме өтеді.
Жоба тұжырымдамасының авторы – Әсел Әбілхамит. Коллекцияны әзірлеу және іске асыру жұмыстарын KazakhYuvelir тарихи зергерлік үйі жүзеге асырды. Жоба аясында жасалған зергерлік бұйымдар алғаш рет Мюнхенде өткен SCHMUCK 2026 көрмесінде ұсынылды. Кураторы – Жанна Асанова.
Бұл жоба қазақ әйелдерінің әшекей бұйымдарын тек сәндік бұйым ретінде емес, қорғау, байланыс және әлеуметтік құрылым құралы ретінде қарастырады.
Бұйымдардың дәстүрлі формалық негізіне Қазақстан аумағындағы тау жоталары, шатқалдар мен тектоникалық кернеу аймақтары секілді нақты ландшафттардың топографиялық деректері енгізілген. Осы арқылы география көрнекі бейне деңгейінен шығып, адам болмысымен тікелей астасатын сезімдік тәжірибеге айналады.
Уақыт пен қысым әсерінен жер бедері қалай қалыптасса, әйел болмысы да міндеттер, әлеуметтік нормалар мен тұрақты жүктемелер арқылы қалыптасады. Бұйымдардың салмағы, ауқымы мен құрылымдық шешімі осы үдерісті физикалық тұрғыда сезіндіруге бағытталған.
Жоба адам денесі мен ландшафтты тоғыстыра отырып, мәдени жадыны бейне ретінде емес, адаммен бірге өмір сүретін, үздіксіз сезілетін күй ретінде пайымдауды ұсынады.
Экспозиция үш нысаннан тұрады. Олардың әрқайсысы – жер бедерінің цифрлық үлгісі (DEM) мен дәстүрлі зергерлік архетиптің синтезі.
Үш нысанның форма тіліне о бастан тіл-көзден, бәле-жаладан қорғау, белгі беру және әулет ішіндегі байланысты нығайту қызметін атқарып келген қазақ әйелдерінің әшекей бұйымдары негіз болған. Жоба аясында сол тарихи формаларға жаңа мән дарыған. Өрнектің орнына онда география бедері бейнеленеді. Әр нысанның пішініне нақты топография деректері, атап айтқанда Қазақстанның нақты ландшафтына тән тау сілемдері, каньон құрылымдары мен жер бедерінің кернеу сызықтары арқау болған.
Нысандар бедердің деректерді көркемдік тұрғыдан түсіндіруге мүмкіндік бермейтін цифрлық модельдеріне сүйеніп, 3D-модельдеу технологиясын қолдану арқылы күмістен жасалған. Бұйымдардың беті әдейі жылтыратылмаған, геология мен архитектураға сілтейтін фактурасы сақталған. Бұйымдардың салмағы да ландшафтының «жүктемесін» сезіп, ұстап түсінуге арналған концептуал өлшем қызметін атқарады.
«Парыз топографиясы» жобасы Орталық Азияның мәдени мұрасын этнографиялық контексттен заманауи өнер кеңістігіне көшіреді.
Ол жер аумағы мен адам денесі арасында байланыс орнатып, мәдени жадты адам болмысының тығыз, орнықты әрі ландшафт құрылымы сияқты тұрақты күйі ретінде қарастыруды ұсынады.
Көрме 2026 жылдың 1-19 мамыр күндері аралығында өтеді.