Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде «Замана айғағы. Жұлдызды есімдер. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қожықовтар әулеті» тақырыбындағы дискурс өтеді.

Аталған кездесу Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған іс-шаралар аясында өткізіліп, Қазақстанның шығармашылық зиялыларының ел тарихы мен рухани өміріне қосқан үлесін тереңірек танып-білуге бағытталған.

Жоба Қожықовтар әулетінің бай әрі көпқырлы мұрасын арқау етеді. Бұл – бейнелеу өнері, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер, театр мен кино салаларында өзіндік із қалдырған айтулы әулет. Сыр бойынан шыққан бұл отбасы ұлттық мәдениетіміздің қалыптасуына елеулі үлес қосып, өз туындыларымен қазақ өнерінің алтын қорын толықтырды.

Кездесу барысында әулет басшысы Қонырқожа Қожықовтың тұлғасына айрықша назар аударылады. Ол – ағартушылық жолын ту еткен ұстаз, өлке тарихын зерттеген ғалым әрі қоғам қайраткері. Саналы ғұмырын білім беру саласын өркендетуге, тарихи-мәдени мұраны сақтау мен ұлттық сананы қалыптастыруға арнады. ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық өзгерістердің бел ортасында жүріп, ел үшін маңызды мәдени-ағартушылық бастамалардың ұйытқысы болды.

Сондай-ақ алғашқы қазақ әйел суретшілерінің бірі Латифа Қожықованың шығармашылық жолы кеңінен сөз болады. Сәндік-қолданбалы өнер мен театр костюмінің шебері ретінде ол ұлттық нақышты терең игеріп, қазақ сахна өнерінің қалыптасуына елеулі үлес қосты.

Әулет ұлдарының тағдыры да назардан тыс қалмайды. Олар әрқайсысы өнердің әр саласында танылып, тағдыр тәлкегіне төтеп бере білді. Ұлы Отан соғысының ауыр кезеңдері олардың өмір жолынан да айқын көрініс тапты.

Қожахмет Қожықов – қазақ бейнелеу өнерінің бастауында тұрған суретші, карикатурашы әрі график. Жастайынан халық қолөнеріне ден қойып, Ташкент пен Мәскеуде (ВХУТЕМАС) білім алды. Театр мен баспасөз саласында еңбек етті. 1937 жылғы қуғын-сүргін оның тағдырына ауыр із қалдырды. Соған қарамастан, кейін шығармашылығын жалғастырып, «Қазақфильм» киностудиясында қызмет атқарып, әдеби туындылар мен эпостарды көркемдеді. Оның еңбектерінен халық өмірінің тынысы мен айқын бейнелер көрініс табады.

Құлахмет Қожықов – Ұлы Отан соғысының майдангері, театр және кино суретшісі, өнер зерттеушісі. Ол Қазақстандағы сахналық безендіру өнері мен ұлттық кинематографияның дамуына тың серпін берді. 1930 жылдардың басынан Қазақ драма театрында суретші-безендіруші болып еңбек етіп, жиырмадан астам спектакльдің көркемдік шешімін жасады. Солардың қатарында Мұхтар Әуезов жоғары бағалаған Еңлік – Кебек қойылымы да бар. Соғыс жылдары майданға өз еркімен аттанып, кейін Біріккен орталық киностудияға шақырылып, алғашқы қазақ фильмдерін жасауға қатысты, кеңестік киноның жетекші шеберлерімен бірге жұмыс істеді. Кейін ұлттық кино қорына енген бірқатар маңызды фильмдердің қоюшы-суретшісі болды. Оның шығармашылық қызметінде кітап графикасы, қазақ ою-өрнегін зерттеу, сондай-ақ Алматыдағы халықтық қолданбалы өнер музейін ұйымдастыру мен дамыту ісі айрықша орын алады. Бұл музейдің алғашқы директоры да өзі болған.

Нұрахмет Қожықов – Ұлы Отан соғысының майдангері, мүсінші-монументалист, қазақ кәсіби мүсін өнерінің алғашқы өкілдерінің бірі. Оның туындылары соғыс кезеңінің қаһармандығы мен қасіретін терең бейнелейді. Майданда ауыр жарақат алғанына қарамастан, өнерден қол үзбей, рух күші мен терең сезімге толы еңбектерін дүниеге әкелді.

Сұлтанахмет Қожықов – Ұлы Отан соғысының майдангері, көрнекті кинорежиссер, сценарист, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Соғыстан кейін Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтында білім алып, шығармашылық жолын «Қазақфильм» киностудиясымен байланыстырды. Осы студияда режиссерден бастап көркемдік жетекші деңгейіне дейін өсті. Тарихи әрі заманауи тақырыптарды арқау еткен фильмдердің авторы ретінде ұлттық кино өнерінің өркендеуіне зор үлес қосты. Оның шығармашылығының шыңы – Қыз Жібек киноэпосы. Бұл туындыда киноның поэтикалық тілі арқылы тарихи оқиғалар, қоғамдық үдерістер мен қазақ халқының рухани әлемі көркем бейнеленеді. Оның еңбектеріне дәуір тынысын дәл сезіну мен дәстүрлі мәдениетті терең пайымдау тән.

Әулет тарихы зобалаң кезеңдермен де сабақтаса өрілген. Әулет басшысы Қонырқожа Қожықов қуғын-сүргінге ұшырап, атылды. Бұл оқиға отбасы үшін орны толмас қайғы болып, ұрпақтарының тағдырына ауыр із қалдырды.

Отбасы шежіресінде Гүлжаухар Айыпқызы Шомбалованың да орны ерекше. Ол – музыкатанушы, өнертану кандидаты, кәсіби қазақ пианистерінің алғашқыларының бірі. Ұлы Отан соғысы жылдары Қиыр Шығыста кеңес жауынгерлерінің алдында өнер көрсетіп, қазақ композиторларының шығармаларын және Абай Құнанбайұлы әндерін орындады. Қазақ музыкасының тарихы мен теориясына арналған ғылыми еңбектері ұлттық өнертанудың дамуына елеулі үлес қосты.

Іс-шара бағдарламасына мыналар кіреді:

  • отбасы мүшелерінің соғыс жылдарындағы тағдыры мен олардың Қазақстан мәдениетіне қосқан үлесі туралы баяндама;
  • әулеттің Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі мәдени мұрасымен таныстыру;
  • көркем эскиздер мен графикалық жұмыстар көрмесі.

Кездесудің мәнін арттыра түсетін жайт – спикер Қожықова Сәуле Құлахметқызының қатысуы. Ол жеке естеліктерімен бөлісіп, отбасылық мұрағаттағы құнды деректер мен сирек куәліктерді ұсынады. Бұл материалдар әулеттің рухани әрі шығармашылық әлемін тереңірек тануға мүмкіндік береді.

Бұл шара ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын мазмұнды алаңға айналып, тарихи жадты сақтаудағы өнердің рөліне жаңа қырынан қарауға жол ашады. Соғыс дәуірімен тағдыры тығыз байланысқан жандардың өмірі мен шығармашылығы арқылы өткенге терең үңілуге мүмкіндік береді.

Дискурс 2026 жылдың 4 мамырында сағат 10:30-да өтеді.

Модератор – Ажмадина А.А.,
«Қазақстанның бейнелеу өнері» бөлімінің ғылыми қызметкері