2026 жылдың 16 мамырында сағат 16:00-00:00 аралығында Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде Халықаралық музей күніне орай жыл сайын өтетін дәстүрлі «Музей түні - 2026» мәдени- ағартушылық акциясы ұйымдастырылады.
2026 жылға арналған ИКОМ ұсыныстарына сәйкес кештің тақырыбы – «Әлемдер тоғысқан музейлер».
«Музей түні» - Халықаралық музейлер күніне орай жыл сайын өткізілетін ірі көркем-мәдени жоба. Аталған халықаралық бастама аясында әлем музейлері бір мезгілде келушілер үшін түнгі уақытта ашылып, мәдени кеңістіктің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді.
Жобаның басты мақсаты - бейнелеу өнерінің әртүрлі бағыттарын кеңінен насихаттау, музей қызметіне қоғамның қызығушылығын арттыру және қала тұрғындарын мәдени-рухани құндылықтармен таныстыру.
«Музей түні» акциясы бүгінде Алматы қаласының мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналып, жыл сайын 15 000-20 000-ға жуық көрерменді қамтитын ауқымды өнер фестивалі мәртебесіне ие.
2026 жылғы бағдарлама екі негізгі кеңістікте өтеді: INDOOR – музейдің экспозициялық залдары және OPEN AIR – музей ауласында ұйымдастырылатын ашық аспан астындағы алаң. Бағдарлама аясында бірегей көрмелер, перформанстар, шеберлік сағаттары, музыкалық және театрландырылған қойылымдар ұсынылады.
Іс-шара бағдарламасына мыналар кіреді:
Музей ауласында шеберлер жәрмеңкесі, тамақтану аймағы, тақырыптық шеберлік сағаттары ұйымдастырылады.
16:00-де музей қорынан «Самұрық-Қазына Траст» қорының 10 жылдығына арнайы дайындалған «Жеті қазына» атты көрменің ашылу салтанаты өтеді. Мерекелік іс-шара барысында балалар мен жасөспірімдерге арналған танымдық-интерактивті «Жеті қазына» квест ойыны өткізіледі.
Жоба 17:00-де JUNIOR MODELS SHOW fashion-перформансы форматында жалғасады. Онда дизайнер Сабина Вольскаяның ерекше коллекциясы ұсынылады. Келушілер музей залында коллекцияға арналған образдардың жасалу процесін тамашалай алады.
19:00-00:00 аралығында концерттік бағдарлама басталады: классикалық музыка, хореографиялық қойылымдар, перформанстар және сахналық көрсетілімдер кіреді. Айталық: Ж. Елебеков атындағы Республикалық эстрадалық-цирк колледжі, Сергей Червяковтың пантомима театры, «Сад Дня» перформанс театры, этно-әнші Венера Уразбекова, әнші әрі скрипкашы Ажар Назар, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, «ART: Жаңғыру» перформансы, ZitAbl арт-дуэті (Зитта и Абликим) ұсынатын «Өмір шиыршықтары. EMBRYO» жобасы аясындағы музыкалық-поэтикалық қойылым, «SANTAS FLORES DEL ALMA» фламенко би тобы, әнші Бексұлтан Ерғалиев, LUGNAN (Николай Кашевниктың этно-минималистік жобасы және «TWIANO» дуэті өз өнерлерін ұсынады.
«Музей түні-2026» – бұл ұлттық өнер мен заманауи мәдениет үйлесім тапқан кеш, өткенге тағзым мен келешекке көзқарас, көрермен мен өнер арасындағы жаңа байланыс алаңы.
Аталған күні музейге кіру ақысыз негізде жүзеге асырылады. 18:00-ден 20:00-ге дейін музей залдарында келушілер үшін қазақ және орыс тілдерінде тегін экскурсиялар өткізіледі.