2026 жылғы 9 мамыр күні сағат 10:30-да Алматы облысы Қарасай ауданы Райымбек ауылындағы «Анаға құрмет» музейінде Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған «Ұлы ана» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтеді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдағы ана институтының маңызын дәріптеу, отбасы құндылықтарын нығайту, ұлттық тәрбиені насихаттау және аналардың қоғам алдындағы еңбегін кеңінен таныту.

Бағдарлама аясында «Ана – өмірдің және ұлттық бірегейліктің символы» тақырыбында ғылыми-мәдени симпозиум ұйымдастырылады. Оған қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, мәдениет пен өнер саласының өкілдері қатысады. Іс-шараны «Қазақстан Республикасы Көркем академиясы» қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр.

Мәдени бағдарламаның маңызды бөлімдерінің бірі – түркі өркениетінің құнды мұрасы саналатын Күлтегін жазба ескерткішіне арналған арнайы инсталляцияның ашылуы. Жобаны белгілі реставратор әрі қоғам қайраткері Қырым Алтынбеков таныстырады.

Сонымен қатар, А.А. Ақанаев академиясының қатысуымен «Ұлы ана» тас паркінің тұсаукесері өтеді. Жоба ана бейнесінің ұлттық дүниетанымдағы рухани және көркемдік мәнін айқындауға бағытталған.

Іс-шара барысында «Анаға құрмет» музейінің жаңа ғимараты таныстырылып, музейдің болашақ мәдени және ғылыми даму бағыттары ұсынылады. Сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, ғалым Жансейіт Түймебаевтың анасына тиесілі тарихи жәдігерлер музей қорына ресми түрде табысталады.

Салтанатты жиынның негізгі бөлігі – қоғам дамуына, ұлттық құндылықтарды сақтауға және жас ұрпақ тәрбиесіне үлес қосқан аналарды «Ұлы ана» қоғамдық орденімен марапаттау рәсімі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ұлы ана» республикалық байқауы – ана құндылығын, ұлттық руханиятты және тарихи жадыны дәріптеуге бағытталған ірі мәдени-рухани жоба.