Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай дәстүрлі «Музей түні – 2026» мәдени-танымдық акциясы өтеді. Биылғы акцияның тақырыбы – «Әрқилы әлемді бір арнаға тоғыстырған музейлер».

Ауқымды мәдени іс-шара музейлердің мәдени мұраны сақтау, тарихи сананы қалыптастыру және қоғамдық диалогты дамытудағы рөлін айқындауға бағытталған. «Музей түні» – тарих пен мәдениетті заманауи форматта дәріптеп, келушілерге музей кеңістігін жаңа қырынан танытатын ерекше мәдени алаң.

Іс-шара аясында музей түнгі келушілер үшін ашық болып, дәстүрлі экскурсиялармен қатар интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылады. Қонақтар театрландырылған қойылымдарды тамашалап, шеберлік сабақтарына қатысып, тарихи кейіпкерлермен жүздесу арқылы өткен дәуірдің атмосферасын терең сезіне алады.

Акцияның негізгі мақсаты – халықтың тарихи-мәдени мұраға қызығушылығын арттыру, музейлердің қоғамдағы беделі мен маңызын күшейту, сондай-ақ ұлттық мәдени құндылықтарды кеңінен насихаттау.

Халықаралық музейлер күніне арналған «Музей түні – 2026» іс-шарасы 2026 жылы 18 мамыр күні сағат 09:00-ден 23:00-ге дейін бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылады.

КӨРМЕЛЕР

1. «Масатыдай құлпырған...» (ҚР Ұлттық орталық музейінің кілемдер коллекциясынан) көрмесі

Кілем – қазақ халқының тек материалдық құндылығы ғана емес, сондай-ақ тұрмыстық әрі ғұрыптық мәні зор бұйымдарының бірі. Музей қорында ХХ ғасырдың басынан сақталған 300-ден астам кілем мен тоқыма бұйымдарынан тұратын бай коллекция жинақталған.

«Масатыдай құлпырған...» кілемдер көрмесінде келушілер назарына Қазақстанның әр өңірінде тоқылған қалы және тақыр кілемдер, тұскілемдер, сондай-ақ шағын көлемді тоқыма бұйымдары ұсынылады. Экспонаттардың ішінде алтын жіппен зерленіп кестеленген, бағалы аң терісімен көмкерілген түскиіз ерекше назар аудартады.

Сонымен қатар көрмедегі ең құнды жәдігерлердің бірі – Өзбекәлі Жәнібеков бастамасымен қалпына келтірілген үлкен қалы кілем. Бұл туынды Ахмет Йассауи кесенесі қорында сақталған көне кілем жұрнағының негізінде Алматы кілем фабрикасы шеберлері тарапынан қайта тоқылған. «Сыр кілемі» немесе «қоңырат кілем» деп аталатын бұл кілемнің ені 3 метр, ұзындығы 10 метрді құрайды.

2. «Бірегей!» көрмесі

Музей жыл сайын осы атаулы күн аясында өз қорында сақталған сирек әрі раритетті музей жәдігерлерін көпшілік назарына ұсынуды игі дәстүрге айналдырған. Биыл да сол үрдіс жалғасын тауып, келушілерге «Бірегей..!» көрмесі ұсынылады. Көрмеде хронологиялық аясы XII ғасырдан бастау алатын, бағалы металдардан жасалған және гауһар тастармен көмкерілген антикварлық бұйымдар, сағаттар мен шамдалдар коллекциясы қойылады. Сонымен қатар, Қазақстан, Германия, Англия, Франция және Ресейдегі Императорлық фарфор зауыты өндірген керамика және фарфор бұйымдары, мүсіндер де экспозициядан орын алған.

Келушілер назарына ұсынылатын ерекше жәдігерлердің қатарында тұңғыс шаманының киімі мен ғұрыптық атрибуттары бар. Сондай-ақ көрменің маңызды бөлігі қылқалам шеберлерінің көркем туындыларына арналған.

3. «Төсбелгілердегі тарихи-деректік көріністер» көрмесі

Көрмеде Қазақстанның әр кезеңіндегі спорт, білім, мәдениет және қоғамдық өмірге қатысты төсбелгілер, марапат белгілері мен естелік наградалар ұсынылады. Бүгінде ҚР Ұлттық орталық музейі қорында 12 103 сақтам бірлік фалеристикалық материал сақталса, оның 3600-ден астамын төсбелгілер құрайды. Экспозиция төсбелгілерді символикалық белгі ғана емес, елдің саяси, мәдени және әлеуметтік даму тарихын бейнелейтін маңызды дереккөз ретінде таныстырады.

Көрме бірнеше бөлімнен тұрады. Мәселен, баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдарына арналған бөлімде республикалық және облыстық газет-журналдардың, балалар мен жастар басылымдарының, әдеби журналдар мен жалпыодақтық басылымдардың мерейтойлық белгілері ұсынылса, мәдениет, өнер және музей ісі бөлімінде «Азия дауысы», Шәкен Айманов атындағы фестивальдер мен жетекші өнер ордаларының, ҚР Ұлттық орталық музейі, Ә.Қастеев атындағы өнер музейі, Археология музейі, Ықылас атындағы халық аспаптары музейі төсбелгілері арқылы ұлттық мәдениеттің ренессансы паш етіледі.

4. Қазақ радиосына – 105 жыл, Шалқар радиосына – 60 жыл толуына арналған «Ұлттың үнбайрағы» мерейтойлық көрмесі

Көрмеде радио тарихына қатысты архивтік құжаттар, фотоматериалдар, тарихи дыбыс жазбалары, техникалық құрылғылар, сондай-ақ белгілі радио жүргізушілері мен қызметкерлерінің жеке заттары ұсынылады.

Экспозициядағы ерекше жәдігерлердің қатарында Қазақ радиосының қалыптасуына зор үлес қосқан алғашқы дикторлардың бірі – Тамты Ибрагимоваға тиесілі мұралар бар. Ол 1931 жылы республикалық радио комитетінде дикторлық қызметін бастап, Ұлы Отан соғысы жылдары госпитальда жаралыларға көмек көрсеткен. Бүгінде ҚР Ұлттық орталық музейі қорында оған қатысты 50-ге жуық жәдігер сақталған.

Сондай-ақ, көрмеде мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібеков пайдаланған «Sanyo» транзисторлы радиоқабылдағышы және «Қазтелерадио» телемұнарасы тарихына қатысты сирек экспонаттар ұсынылады.

Көрме аясында «Жұлдызды гид» арнайы жобасы ұйымдастырылып, «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосының ардагер дикторлары Сауық Жақанова, Аманжан Еңсебайұлы және өзге де танымал тұлғалар экскурсия жүргізеді. Келушілер Мұхтар Әуезов, Бердібек Соқпақбаев, Тахауи Ахтанов, Әнуарбек Байжанбаев және Мұқағали Мақатаевтың «Алтын қорда» сақталған бірегей дауыстарын тыңдап, өткен дәуірдің шынайы үнін сезіне алады.

5. «Ғасыр жасаған ұлт театры» көрмесі

М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдық мерейтойына орай театр музейі қорынан ұсынылатын «Ғасыр жасаған ұлт театры» көрмесі ұйымдастырылады.

Көрмеде театрдың 1917–1930 жылдардағы қалыптасу кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейінгі бай тарихы қамтылады. Экспозиция арқылы қазақ кәсіби театрының қалыптасуы, алғашқы сахналық қойылымдар, ұлттық театр өнерінің туу кезеңі, қазақ зиялыларының театр мәдениетін дамытудағы рөлі, алғашқы актерлік құрам мен тарихи спектакльдер туралы тың мәліметтер ұсынылады. Құнды экспонаттар қатарында 1958 жылы «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклінде КСРО халық артисі Шолпан Жандарбекованың Ақтоқты рөлінде киген сахналық киімі, сондай-ақ Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Асанәлі Әшімов секілді қазақ театрының саңлақтары киген тарихи шапандар мен сахналық киімдер де бар.

Келушілер театр тарихына қатысты сирек фотосуреттер мен архивтік құжаттарды, атақты спектакльдердің афишалары, бағдарламалары мен буклеттерін, сахналық костюмдер мен реквизиттерді, көрнекті актерлер мен режиссерлердің жеке заттары мен қолжазбаларын, мемлекеттік марапаттар мен алғыс хаттарды тамашалай алады.

6. «Азия өнері» көркем өнер көрмесі

Кескіндеме, графика, қолданбалы өнер және мүсін өнерінің уақытты тоқтатып, өткінші эмоциялар мен күнделікті көріністерді, нәзік сәттерді мәңгілікке айналдыру мүмкіндіктерін зерттейтін арт-жоба.

Көрмеде Алматы, Астана, Өскемен, Павлодар, Шымкент, Қонаев, Екібастұз және Тараз қалаларынан келген заманауи қазақстандық бейнелеу өнері шеберлерінің туындылары ұсынылған.

«МУЗЕЙГЕ СЫЙ» АКЦИЯСЫ

«Музейге сый» акциясы аясында Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова музыкалық аспаптары мен сахналық костюмдерін музей қорына сыйға тартады. Сонымен қатар, XVI Токио Паралимпиадасының күміс жүлдегері Теміржан Дәулет спорттық жетістіктеріне қатысты құнды заттарын ҚР Ұлттық орталық музейі қорына табыстайды.

ҚОЙЫЛЫМДАР, КОНЦЕРТТЕР ЖӘНЕ ФИЛЬМ КӨРСЕТІЛІМДЕРІ

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті студенттік театрларының қатысуымен «Алтын Орда» залында тарихи қойылым сахналанады. Қойылым барысында Алтын Орда дәуірінің маңызды кезеңдері мен хандар арасындағы көркем диалогтар сахналық көрініс арқылы бейнеленеді.

«Жанды музей» форматындағы театрландырылған экскурсия кезінде келушілер Алтын адам, Томирис, бақсылар, қазақ хандары, Алдар көсе және өзге де тарихи кейіпкерлермен жүздеседі.

Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры актерлері қазақ ертегілері мен тарихи аңыздар кейіпкерлері бейнесінде музей залдарында ерекше атмосфера қалыптастырады.

Сонымен қатар, «Қазақфильм» киностудиясы қорындағы фильмдер негізінде арнайы кинокөрсетілімдер ұйымдастырылады.

«MUSEUM FEST» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ

Іс-шара аясында халықаралық «Museum Fest» фестивалі өтеді. Фестиваль барысында музей саласындағы үздік тәжірибелер таныстырылып, отандық және шетелдік музей мамандарының қатысуымен түрлі мәдени-кәсіби бағдарламалар ұйымдастырылады.

КОНЦЕРТТІК БАҒДАРЛАМА ЖӘНЕ «ЖҰЛДЫЗДЫ ГИД» ЖОБАСЫ

Музей алдындағы сахнада заманауи әншілер мен музыкалық топтардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.

М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының танымал актерлері «Ғасыр жасаған ұлт театры» көрмесінің «Жұлдызды гидтері» болады.

Сауық Жақанова бастаған радио ардагерлері «Қазақ радиосына – 105 жыл», «Шалқар радиосына – 60 жыл» көрмесінде келушілерге арнайы экскурсия жүргізеді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова шәкірттерімен бірге өнер көрсетеді.

Сондай-ақ, «Сирек кездесетін қияқты саз аспаптарының мемлекеттік коллекциясы» қорындағы аспаптар негізінде классикалық музыка концерті және «Ақжауын» камералық оркестрінің концерттік бағдарламасы ұсынылады.

ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРЛІК САҒАТТАРЫ, ИНТЕРАКТИВТІ ОЙЫНДАР ЖӘНЕ ЭКСКУРСИЯЛЫҚ МАРШРУТ

Музей залдарында квесттер, квиздер және танымдық ойындар ұйымдастырылып, келушілер экспозициялармен таныса отырып түрлі тапсырмаларды орындайды.

Кілем тоқу, шым ши тоқу, сырғалақ тоқу, саз балшықтан құмыра жасау, киіз басу және тоғызқұмалақ ойыны бойынша шеберлік сабақтары өткізіледі.

Көне түркі руникалық жазуы бойынша арнайы шеберлік сабағы ұйымдастырылып, қатысушылар көне жазу үлгілерімен тәжірибе жүзінде танысады.

Алматы музейі мен ҚР Ұлттық орталық музейі арасында арнайы экскурсиялық маршрут әзірленеді.

Музей алдындағы сахна алаңында «Кім жылдам?» викторинасы өткізіліп, жеңімпаздар марапатталады. Сондай-ақ музей реставраторларының шеберлік сағаттары мен ғылыми-интерактивті бағдарламалары ұсынылады.

МЕРЧ, РОБОТ ШОУ

Іс-шара аясында робот шоу және VR технологиялары арқылы тарихи кезеңдерге саяхат жасау бағдарламалары ұйымдастырылады.

«Музей түні – 2026» брендімен арнайы мерч өнімдері – шопперлер, футболкалар мен кепкалар әзірленеді.

«МУЗЕЙ ТҮНІ – 2026» ІС-ШАРАСЫНЫҢ ЖҮРГІЗУШІЛЕРІ

«Музей түні – 2026» акциясының жүргізушілері – танымал теле-радио жүргізушісі Берік Көшербекұлы мен көркемсөз шебері Ақбөбек Қайыржанова.

Өтетін уақыты: 18.05.2026 ж, 18.00-23.00