2026 жылғы 21 мамыр күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік академиялық би театры Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Halyk Bank демеушілігімен жүзеге асырылып жатқан «ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» республикалық мәдени жобасы аясындағы гастрольдік сапарын бастады. Жобаны ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарын Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы жүзеге асыруда.
Гастрольдік турдың алғашқы концерті Павлодар облысы Аққулы ауданының Аққулы ауылындағы мәдениет үйінде өтті. 300 орындық көрермен залына жиналған өнерсүйер қауым балет кешін зор ықыласпен қабылдап, концерт толық аншлагпен өтті.
Көрермен назарына классикалық, заманауи және ұлттық хореография өнерінің үздік үлгілерін тоғыстырған мазмұнды әрі әсерлі бағдарлама ұсынылды. Театрдың жетекші солистері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті балетмейстер Болат Аюхановтың қойылымдарын, әлемдік балет жауһарлары — «Аққу көлі» мен «Щелкунчик» спектакльдерінен үзінділерді, сондай-ақ ұлттық нақыштағы «Дала әуені» және «Ер Тұран» хореографиялық композицияларын орындады.
Кештің құрметті қонағы Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқанов болды. Қазақстан Республикасының Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай театр әртістеріне өнер мен мәдениет саласының дамуына қосқан үлесі үшін Алғыс хаттар табысталды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік академиялық би театрының ұжымы Аққулы аудандық мәдениет үйінің басшылығына, Павлодар облысының мәдениет басқармасына, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымына, «ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» жобасының ұйымдастырушыларына және барлық көрерменге жылы қабылдауы, жоғары деңгейдегі ұйымдастыру жұмыстары мен балет өнеріне көрсеткен ерекше ықыласы үшін шынайы ризашылығын білдіреді.
«ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» жобасы өнер, руханият және ұлттық құндылықтар арқылы еліміздің өңірлерін біріктіріп, мәдени байланысты нығайту жолындағы маңызды миссиясын жалғастырып келеді.