Алматы қаласында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры сахнасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Александр Селезнёв атындағы Алматы хореографиялық училищесі көркемдік жетекшісі, Қазақстан хореографтар одағының төрайымы Людмила Мунсекқызы Лидің 75 жылдық мерейтойына арналған балет кеші өтеді. 

Мерейтойлық кеш Абай атындағы театр мен Александр Селезнёв атындағы Алматы хореографиялық училищесінің бірлескен ірі мәдени жобасына айналады. 1934 жылдан бастау алатын осы екі өнер ордасының тарихы бір-бірімен тығыз байланысты. Училище түлектері ондаған жылдар бойы театрдың балет труппасының негізін қалыптастырып, ұлттық хореографиялық мектептің дәстүрін жалғастырып, Қазақстанды әлемнің жетекші сахналарында танытып келеді.

Осы үлкен кәсіби сабақтастық тарихында Людмила Мунсекқызы Лидің орны айрықша. Алматы хореографиялық училищесін тәмамдағаннан кейін ол Абай атындағы театрға балет әртісі ретінде қабылданып, кордебалет әртісінен театрдың жетекші солисіне дейінгі шығармашылық жолдан өтті. Оның сахналық ғұмыры классикалық репертуардың ірі қойылымдарымен және қазақ балет өнерінің көрнекті шеберлерімен тығыз байланысты. 

Соңғы жылдары Людмила Мунсекқызы Александр Селезнёв атындағы Алматы хореографиялық училищесінің көркемдік жетекшісі ретінде білім алушылардың концерттік-шығармашылық, ағартушылық, кәсіби-орындаушылық және мәдени қызметін жүйелі түрде дамытып келеді. Оның жетекшілігімен училище халықаралық фестивальдер мен конкурстарға, гастрольдік жобаларға, шығармашылық спектакльдер мен ірі мәдени бастамаларға белсенді қатысып, қазақстандық хореографиялық мектептің халықаралық беделін нығайтуға зор үлес қосуда. 

Людмила Лидің кәсіби және қоғамдық қызметінің маңызды бағыттарының бірі - Қазақстандағы хореографиялық қауымдастықты дамыту. 2022 жылдан бері ол Қазақстан хореографтар одағы ұйымын басқарып келеді. Бүгінде бұл ұйым балет әртістерін, педагогтерді, балетмейстерлерді, зерттеушілерді және шығармашылық ұжым жетекшілерін біріктіретін кәсіби алаңға айналды. 

Людмила Мунсекқызы халықаралық балет қауымдастығында да кеңінен танымал. Ол The World Ballet Trial (Жапония), Korea International Ballet Competition, Екатерина Максимова атындағы «Арабеск» ашық ресейлік балет әртістері конкурсы және өзге де беделді халықаралық жобалардың қазылар алқасының мүшесі болып табылады. 

Мерейтойлық кешке Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры жетекші солистері, Үлкен театрәртістері, Польша ұлттық операсы солистері, училище түлектері мен Александр Селезнёв атындағы Алматы хореографиялық училищесінің әр жастағы білім алушылары қатысады. Кеш сахнасында ең кішкентай тәрбиеленушілерден бастап бітіруші курс студенттеріне дейін өнер көрсетеді. Концертке қатысатын көптеген театр солистері — Людмила Мунсекқызының шәкірттері. 

Кеш бағдарламасы әлемдік классикалық хореография жауһарларын, заманауи қойылымдарды және концерттік нөмірлерді біріктіріп, ұрпақтар сабақтастығын, қазақстандық балет мектебінің жоғары кәсіби деңгейін және оның халықаралық мәдени кеңістіктегі орнын айқындайды.

Мерейтойлық кеш
2026 жылғы 23 мамыр күні сағат 15:00-де
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры сахнасында өтеді.