2026 жылдың 11 маусым күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық өнер музейінде талантты кескіндемеші, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Омархан Құмардың «ҰЛЫ РУХ» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы мен каталогының тұсаукесер рәсімі өтеді.
Омархан Құмар – бүгінгі қазақ бейнелеу өнеріндегі ұлттық тарих пен рухани құндылықтарды шығармашылығының өзегіне айналдырған, өзіндік қолтаңбасы айқын кәсіби суретші. Оның туындылары халықтық рухқа толы, қазақ халқының тарихи жады мен мәдени мұрасын терең пайымдап, өткен мен бүгінді сабақтастыратын мазмұнды көркем образдар жасауымен ерекшеленеді. Суретші шығармашылығына академиялық мектептің берік негіздері, композициялық тұтастық, сурет салудағы жоғары кәсіби мәдениет пен реалистік бейнелеу дәстүріне адалдық тән.
Көрмеде автордың 2000 жылдардан бері орындалған жетпіске жуық таңдаулы кескіндемелік туындылары ұсынылған. Экспозиция суретшінің шығармашылық ізденістерінің ауқымын, жанрлық және тақырып аясының мол қорын жан-жақты таныстырады. Әрбір композициясынан суреткердің шеберлігі мен шығармашылық кемелдігі айқын сезіледі. Автор тарихи тұлғалардың мінезі мен болмысын, дәуір рухын және оқиға мазмұнын терең ашуға ұмтылып, көркем образдың нанымдылығы мен эмоционалдық әсеріне ерекше мән береді. Түстік үйлесім, пластикалық шешім және композициялық құрылым оның жұмыстарында біртұтас көркем жүйеге айналып, туындының идеялық мазмұнын терең аша түседі.
Экспозицияның негізгі бөлігін қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған ұлы тұлғалардың портреттік галереясы құрайды. Абай Құнанбайұлы (2020), Шәкәрім Құдайбердіұлы (2020), Әлихан Бөкейхан (2021), Бауыржан Момышұлы (2021), Мұхтар Әуезов (2022), Ахмет Байтұрсынұлы (2024) және басқа да ұлт қайраткерлерінің бейнелері арқылы автор олардың ішкі болмысын, азаматтық ұстанымын және халық тағдырындағы орнын ашуға ұмтылады. Сонымен қатар көрмеде қазақ мемлекеттілігі мен ұлт тарихының маңызды кезеңдерін бейнелейтін Сұлтан Бейбарыс (2023), Абылай хан (2020), Оспан батыр (2019) секілді тарихи тұлғаларға арналған туындылар, сондай-ақ «Батыр бабалар» (2021), «Ұлы рух» (2023), «Мәмлүктер жеңісі. Сұлтан Бейбарыс» (2023) атты тарихи және батальдық композициялар қойылған. Бұл еңбектерде елдік рух, ерлік, азаттық идеясы мен ұлт бірлігі тақырыптары кеңінен көрініс тауып, өткен тарихтың тағылымды беттері көркем тілмен өрнектеледі.
Туған жер табиғаты суретші шығармашылығының тағы бір маңызды арнасы болып табылады. Кең тынысты тау пейзаждары, сайын дала көріністері мен табиғаттың әр алуан күйін бейнелейтін жұмыстар туған өлкенің сұлулығы мен табиғи болмысын асқақ сезіммен жеткізеді. Ал көлденең панорамалық шешімге құрылған саятшылық пен аңшылық тақырыбындағы шығармалар қазақ халқының дәстүрлі өмір салтын, табиғатпен үйлесімді қарым-қатынасын және көшпелі мәдениеттің ерекшеліктерін айшықтайды.
Автор ұлттық нақыштағы натюрморттарында халқымыздың тұрмыстық мәдениетін, мол дастарханы мен қолөнер бұйымдарын, дәстүрлі тұрмыстық әлемін көркем тілмен өрнектеп, құндылықтардың эстетикалық болмысын ашады. Осылайша, көрме тарихи кескіндеме, портрет, пейзаж, батальдық жанр және натюрморт салаларындағы шығармаларды тоғыстыра отырып, қылқалам шеберінің кәсіби шеберлігі мен ұлттық құндылықтарға деген адалдығын айқын көрсетеді.
«ҰЛЫ РУХ» көрмесі – суретші Омархан Құмардың 25 жылға жуық шығармашылық жолын қорытындылайтын алғашқы жеке көрмесі. Көрме атауының өзі экспозицияда ұсынылған туындылардың негізгі мазмұны мен идеялық өзегін айқындайды. Ұлт тарихы, елдік рух, ұлы тұлғалар, батырлық дәстүр мен туған жер табиғаты суретшінің шығармаларында көркемдік шешім тауып, қазақ халқының рухани болмысы мен тарихи жадын бейнелейтін өзіндік образдар жүйесін құрайды. Бұл көрме автордың ширек ғасырға жуық уақыттағы шығармашылық ізденістері мен кәсіби шеберлігінің нәтижесін танытатын маңызды мәдени оқиға болып табылады.
Құмар Омархан 1981 жылы ҚХР Тоғызтарау ауданында дүниеге келген.
2000 – Іле облыстық көркемөнер колледжін «Бейленеу өнері» мамандығы бойынша тәмамдады.
2003 – Абай атындағы ҚазМПУ-да «Сурет және сызу» мамандығы бойынша бір жыл білім алды.
2008 жылдан бері қалалық, республикалық және халықаралық көрмелер мен симпозиумдардың қатысушысы.
2009 – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын «Станокті кескіндеме» мамандығы бойынша, Е. Жұманов пен Ж. Қайрамбаев шеберханасында тәмамдады.
2012 – Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның магистратурасын профессор Қ. Оспановтың жетекшілігімен аяқтады.
2012 жылдан бері аталған оқу орнының колледжі мен мектеп-интернатында сурет және кескіндеме пәндерінен сабақ беріп келеді.
2018 – ҚР Суретшілер одағының мүшесі.
Авторлық жұмыстары ҚР Орта білім беру бағдарламасының оқулықтарына енген.
Омархан Құмардың туындылары Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі, Шаймардан Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы өнер музейі, Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейі, Қызылорда облыстық тарихи өлкетану музейінің С. Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы, Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі, Ю. Шығаев атындағы өнер музейі (Қырғызстан) қорларында, сондай-ақ Қазақстанның және Түркия, Қытай, Кипр сынды елдердің жеке коллекцияларында сақтаулы.
Самал Мамытова, көрме кураторы