2026 жылдың 2 шілде күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде қылқалам шебері, суретші-ұстаз Серікбай Әлжанның «Суретшінің толғауы» атты мерейтойлық жеке көрмесінің ашылуы өтеді.

Көрме суретшінің көпжылдық шығармашылық жолын қорытындылайтын, ұлттық рух пен көркемдік ойды тоғыстырған тағылымды көркемдік кеңістік. Экспозицияға автордың табиғаттың әсем болмысын бейнелейтін пейзаждары, тарихи мазмұндағы композициялар, ұлттық тақырыптағы кескіндемелік және графикалық туындылары қойылады. Әрбір шығармада суретшінің ішкі жан дүниесі, туған жерге деген сүйіспеншілігі мен қазақ дүниетанымына тән терең философиялық мән айқын сезіледі.

Қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленетін суретші Серікбай Әлжанның шығармашылығын бірнеше бағытқа бөліп қарастыруға болады. Оның туындыларында ұлттық болмыс, тарихи жады, дәстүр сабақтастығы мен табиғат үйлесімі көркем бейнеленген. Суретші әсіресе, композициялық шешімге, бояу үндестігіне, образдық мазмұнға ерекше мән береді.

Қылқалам шеберінің шығармашылығында пейзаж жанры айрықша орын алады. Оның картиналарынан табиғатпен үндескен тыныштық, сыршыл көңіл күй мен терең ой аңғарылады. Әсіресе, қыс мезгіліне арналған пейзаждары көрерменге ерекше әсер сыйлайды. Суретші табиғат көріністерін қарапайым бейнелеп қана қоймай, оны адамның рухани әлемімен сабақтастыра отырып жеткізеді. Қысқы табиғаттың үнсіздігі мен сұлулығын бейнелей отырып, адамның жан дүниесіндегі тыныштықты, сағыныш пен жылылықты нәзік бере алады. Оның «Қысқы орман» (2000 ж.), «Тыныштық» (2006 ж.) сынды туындыларында табиғаттың сабырлы қалпы мен қыстың ерекше әсемдігі анық байқалады. «Ауылдағы қыс» (2004 ж., 2015 ж.) атты туындылары суретшінің шығармашылық болмысын айқындап, оның өзіндік қолтаңбасын нақты танытады.

Серікбай Әлжан шығармаларының маңызды бөлігі қазақ халқының тарихы мен рухани мұрасына арналған. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына арналған «Бостандық» шығармасы суретшінің тарихи тақырыптарға терең толғаныспен қарайтынын көрсетеді. Суретшінің «Ұлы қазақтардың мұрасынан» атты туындысы ЮНЕСКО қорына енген.

Қылқалам шебері портрет жанрында да өзін таныта алды. Автор қазақ зиялыларының бейнелеріне де ерекше көңіл бөлген. Оның қылқаламынан туған Мағжан Жұмабаев, Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» желісіндегі портреті, Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» тақырыбындағы туындысы, Сәкен Сейфуллин және өзге де тарихи тұлғалардың образдары ұлттық руханияттың көркем шежіресі деуге болады. 2021 жылы ХІ Республикалық «Тәуелсіздік толғауы» атты жаңа өнер туындыларына арналған онлайн-конкурсының «Абай және Жамбыл әлемі жас суретшілер көзімен» атты Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған үздік көркемсурет туынды номинациясы бойынша «Абайдың қара сөздері» туындысы І орынға ие болды.

2020 жылғы пандемия кезеңінде суретші екі жыл бойы тынымсыз еңбек етіп, екі жүзден астам графикалық туындыларын жазып шығады. Бұл жұмыстарда уақыт тынысы, адамның көңіл күйі мен өмір философиясының өзгеше көркемдік шешімін бейнелеген. Көрме экспозициясында аталған графикалық топтамалар да көрермен назарына ұсынылады.

«Сурет — менің өмірім» деп бағалайтын суретші бар ғұмырын өнер мен ұстаздыққа арнады. Елу жыл бойы шәкірт тәрбиелеп, қазақ бейнелеу өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Бүгінде суретшінің туындылары Қазақстандағы және шетелдердегі музейлер мен жеке коллекцияларда сақтаулы. Солардың қатарында Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі қоры да бар.

 «Суретшінің толғауы» атты көрмесі  автордың шығармашылық әлеміне терең бойлап, ұлттық өнердің көркемдік қуатын сезінуге мүмкіндік беретін тағылымды мәдени оқиға.

Көрме 2026 жылдың 26 шілдесіне дейін жалғасады.

Серікбай Әлжан 1951 жылы 15 мамырда Солтүстік Қазақстан облысы Ақкөл ауылында дүниеге келген. Кейін отбасы Қамыстау ауылына қоныс аударып, сол ауылдағы негізгі жалпы білім беретін мектепте білім алады. 2016 жылы аталған мектепте суретшінің шығармашылығына арналған музей ашылады. 1967 жылы Петропавл қаласындағы В.И. Ленин атындағы орта мектеп-интернатты аяқтаған 1970 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне түсіп, оны 1975 жылы тәмамдағаннан кейін осы оқу орнында оқытушылық қызмет атқарған. М. Калимов пен А. Ақанаевтан дәріс алған.

2000 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне оқуға түсіп, кәсіби білімін жетілдірген. 1986 жылдан Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі. 1976 жылдан бері Республикалық, Бүкілодақтық және Халықаралық көрмелерге белсенді қатысып келе жатқан суретші. ҚР білім беру ісінің үздігі (2000 жыл), «Мәдениет қайраткері» (2015 жыл), «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері (2017 жыл).

2016 жылы Серікбай Әлжанның «Суретшінің толғауы» атты фотоальбомы жарық көрді. Басылым Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу және насихаттау, сондай-ақ мұрағат ісінің тиімділігін көтеру» бағдарламасының «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» кіші бағдарламасы аясында шығарылды.

Көрме жетекшілері – Алимхожина Ақбота, Әли Ғалия