27 қыркүйек күні сағат 18:00-де Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театры өзінің мерейтойлық 60-шы театр маусымын ашады. Театрдың алпыс жылдығы тұспа-тұс келген биылғы жылы ұжым өз тарихының жаңа белесіне қадам басқалы отыр - театрға оның негізін қалаушы, көрнекті қазақстандық хореограф, Қазақ КСР-інің халық әртісі Болат Аюхановтың есімі берілді.
Салтанатты кеш Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында өтеді. Бұл кеш жай ғана жаңа маусымның ашылуы емес, театрдың шығармашылық тарихына жасалған өзіндік саяхат болмақ. Бағдарламаға әр жылдары театрдың көркемдік тілін қалыптастырған, репертуардың ажырамас бөлігіне айналған және бірнеше буын көрерменін Аюханов хореографиясының өзіндік ерекшелігімен таныстырған таңдаулы нөмірлер мен хореографиялық миниатюралар енді.
Болат Аюханов негізін қалаған «Алматының жас балеті» классикалық балет труппасы ретінде емес, авторлық театр ретінде қалыптасты. Оның театры балет өнері камералық та, монументалды да, ирониялық та, трагедиялық та сипатта көрініс табатын, классикалық дәстүрге негізделе отырып, қазақ мәдениетіне бағытталған шығармашылық кеңістікке айналды. Шебердің көптеген қойылымдары ондаған жылдар бойы театр репертуарынан түскен жоқ. Тек орындаушылар ауысып, олардың орнына өнердің жаңа буыны келіп отыр. Мерейтойлық маусымда театрға Болат Аюхановтың есімінің берілуі айрықша мәнге ие. Бұл - ұжымның негізін қалаған тұлғаның рухына көрсетілген құрмет қана емес, сонымен қатар алпыс жыл бойы театрдың еліміздің мәдени өміріндегі орнын айқындаған көркемдік дәстүрдің сабақтастығын бекіту. Бүгінде театр негізін қалаушының шығармашылық мұрасын жалғастырып, оның қойылымдарын сақтай отырып, заманауи репертуарын да дамытып келеді.

Мерейтойлық кештің бағдарламасы әр жылдары қойылған айтулы қойылымдар мен хореографиялық туындыларды біріктіріп, театр репертуарының сан қырлылығын көрсетеді. Кештің шымылдығын символдық мәнге ие «Мәңгілік қозғалыс» ашса, одан әрі «Шыңғысханның ақ бұлты» балетінен адажио, «Суретші мен аққу», «Айжан қыз», «Домбыралармен би», «Рондо-каприччиозо», «Фарруха», «Күн билей ме?», «Шырқалмаған ән», «Махаббат армандары» және «Хатшы қыз» хореографиялық композициялары ұсынылады. Кеш бағдарламасында Морис Равельдің әйгілі «Болеро» шығармасы мен әсерлі «Вальпургия түні» балеті ерекше орын алады. Ұлттық бағыт «Киіз үй» сахналық көрінісі және кешті қорытындылайтын «Қыз Жібек» балетінен адажио арқылы таныстырылады. Бір бағдарлама аясында классикалық мектеп, ұлттық сарындар, камералық хореографиялық миниатюралар мен жарқын сахналық драматургия тоғысады. Мұның бәрі ондаған жылдар бойы Болат Аюханов театрының өзіндік әрі қайталанбас көркемдік тілін қалыптастырған ерекшеліктер.
60-маусым - бір мезетте жаңа белестің бастауы әрі үлкен тарихтың жалғасы. Бұл - алпыс жыл бойы көрерменмен би тілі арқылы сырласып, өзінің мәңгілік қозғалысын жалғастырып келе жатқан театрдың тарихы
Билеттерді Freedom Ticketon сайтынан сатып алуға болады