2026 жылдың 29 қыркүйегінде Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде белгілі қазақстандық қылқалам шебері Нұршидин Телманұлы Баратовтың «Мұзафар әуендері» атты жеке көрмесі ашылады.

Нұршидин Баратовтың есімі еліміздің заманауи бейнелеу өнерінде ерекше орын алады. Оның шығармашылық жолы табиғат аясында сурет салу өнерімен, жаратылыс сырын тікелей бақылаумен тығыз байланысты. Шебер кенеп бетіне қоршаған ортаның сыртқы келбетін ғана емес, оның жарыққа, ауаға және ішкі толқынысқа толы құбылмалы жай-күйін түсіруге ұмтылады. Суретші кәсіби мектеп дәстүрін өзіндік көркемдік ізденістерінің арқауы еткен қылқалам шеберлерінің қатарынан.

Нұршидин Баратов кескіндемесінің басты ерекшелігі – табиғат құшағында еркін жұмыс істей отырып, қас-қағым сәтті мүлтіксіз қамтып үлгеруінде. Оның туындыларында алғашқы әсердің тазалығы, жарық сәулесінің қозғалысы, ауаның тынысы мен түстер ажарының нәзік өзгеруі ерекше маңызға ие. Суретшінің өзі де бейнелеу өнерінің басты нысаны дәл осы табиғат пен көңіл-күйдің өзгеру сәті екенін талай мәрте тілге тиек еткен.

Баратов шығармашылығында пейзаж жанрының орны айрықша – ол ауыл мен қаланың тыныс-тіршілігі, тау мен теңіз көрінісі, шағын да кең панорамалы бейнеде көрініс тапқан. Қылқалам шебері Қазақстан табиғатына, Алматы төңірегіне, Тянь-Шань, Кетпен, Бартоғай сияқты өзіне етене таныс әрі әр кез жаңаша ашылатын мекендерді кенепке көркем көшіреді. Сонымен бірге, оның туындыларынан шығармашылық сапарлар мен табиғат аясындағы ізденістер кезінде дүниеге келген Түркия, Италия және басқа да елдердің көріністері бой көрсетеді. Саяхат ол үшін – табиғаттың, жарық пен түстің жаңа болмысымен кездесу.

Нұршидин Баратовтың бейнелеу тілі еркін және жанды мәнері мен түсті нәзік сезінуіне негізделген. Суретші реалистік мектеп дәстүрін заманауи өнер ізденістерімен сабақтастыра отырып, оларды өзіндік қолтаңбасына айналдырған. Оның кенептеріндегі түс белгілі бір затты сипаттаудан гөрі, шығарманың тұтас атмосферасын тудырады. Ал жарық кеңістікті, ауаны және композицияның жекелеген бөлшектерін біріктіретін дербес өрнектеуші бастауға айналады.

Суретші шығармашылығын зерттеушілер оның өнеріндегі ерекше эмоционалды табиғатты бөлек атап өтеді. Баратовты «жарқын болмыс суретшісі» деп атайды. Ол туындылары жарық сезіміне, айналадағы әлемнің сұлулығына және әрбір сәттің ләззатына айтылған алғыс іспетті. Оның пейзаждарынан сыртқы әсерге ұмтылу байқалмайды, керісінше, суретші табиғаттың қарапайым сәттеріне үңіліп, олардан ерекше поэзия табады.

Көрменің «Мұзафар әуендері» деген атауы кескіндеме мен поэзия тоғысатын ерекше бейнелі кеңістікке саяды. Мұндағы ән бейнесі естің, әсердің және әлемнің ішкі үнінің метафорасына айналғандай. Баратов шығармашылығындағы пейзаж оқиғаны сөзбе-сөз баяндамайтын, керісінше, көрген дүниенің күйін, ырғағын және ішкі интонациясын жеткізетін визуалды поэма деуге болады.

Бұл контекстте туған жер тақырыбының ерекше маңызға бар. Суретші туындыларындағы Қазақстан табиғаты қозғалыссыз мотив ретінде емес, үнемі өзгеріп отыратын тірі орта болып көрінеді. Таңғы сәуле, кешкі күн, бұлттар, қар, жаңбыр, мөлдір ауа, ағаштар мен тау бөктерлері бір тұтас кескіндемелік кеңістіктің қатысушыларына айналады. Суретші қайталанбас сәттерді қармап алып, оларды жадтың жеке бір күйі ретінде қайта жаңғыртады.

Баратов өнерінің маңызды қасиеті – оның шынайылығы. Оның суреттері бір демде орындалған жұмыс сезімін сақтайды. Бұл ерекшелік әсіресе этюдтерде анық көрінеді, онда суретші жарық өзгергенше немесе алған әсері жоғалғанша сәтті қамтып үлгеруге ұмтылады. Сұхбаттарының бірінде ол қайың бейнеленген суретті жазу барысы туралы айтып, пайда болған көңіл-күйді үзбеу үшін оны бары-жоғы он бес минутта салып шыққанын атап өткен еді.

Нұршидин Телманұлы Баратов 1967 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1982–1986 жылдары Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде білім алған. Кейіннен Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер институтында оқуын жалғастырып, монументті кескіндеме бөлімін аяқтаған. 1990 жылдары Ыстанбұлдағы Мимар Синан атындағы Бейнелеу өнері университетінде білім алып, оны үздік дипломымен бітірген.

Әртүрлі көркемдік ортада алған білімі мен жұмыс тәжірибесі оның жеке көркемдік тілінің қалыптасуына елеулі ықпал етті. Қазақстандық кескіндеме мектебі, түрік өнерінің тәжірибесі, саяхаттар мен халықаралық пленэрлерден алған әсерлері оның шығармашылығында өзіндік бейнелер жүйесіне ұласты.

Баратов көрме мен пленэрлік қызметке белсене қатысады. Оның жеке көрмелері Қазақстанда, Түркияда, Данияда және басқа да елдерде өтті. Суретші халықаралық жобалар мен ашық аспан астындағы сурет сессияларына, соның ішінде көрнекті живописші Аркадий Пластовтың 130 жылдығына арналған XIII «Пластов күзi» халықаралық суретшілер ассамблеясына қатысты. 2023 жылы ол Ульяновск облысының Прислониха ауылында өткен осы пленэрге Қазақстаннан қатысқан жалғыз өкіл болды. Онда жасалған туындылар қорытынды көрмеде ұсынылып, суретшінің бір жұмысы А.А. Пластов музейінің қорына енді.

Суретшінің шығармашылық өмірбаянындағы маңызды оқиғалардың бірі – Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде өткен «Аспан жақындай түседі» атты жеке көрмесі болды. 2024 жылы осы музейде оның жүзге жуық туындысын біріктірген «Үш терезе» атты жеке көрмесі өтті. Экспозиция жылдың әртүрлі мезгілдеріндегі пейзаждар, қалалық және ауылдық мотивтер, натюрморттар мен теңіз көріністері төңірегінде құрылды.

«Үш терезе» суретшінің жарықпен, кеңістікпен және уақытпен көпжылдық диалогының өзіндік жалғасы болды. Баратовтың әрбір этюді сәт естелікке, ал нақты пейзаж эмоционалды толқынысқа арқау болатын жеке бір әлем ретінде өмір сүреді.

«Мұзафар әуендері» көрмесі шығармашылықтың осы бағытын ары қарай жалғастырып, Нұршидин Баратовтың кескіндемесін жарық, жад және шынайы әсер кеңістігі ретінде танытады. Мұнда табиғат жай ғана бейнелеу нысаны емес, суретшінің уақыт, сұлулық, адамның қатысуы және өмірдің үздіксіздігі туралы сыр шертетін өзіндік тіліне айналады.

Баратов танымындағы кескіндеме – толассыз сәттер ағынан тоқтату. Жарық өзгереді, бұлт тау бөктерімен өтеді, жел ағаштарға тиіп өтеді, кеш біртіндеп күнді алмастырады – дәл осы құбылыстар шығармашылық шабыттың көзіне айналады. Сондықтан оның суреттері нақты орындардың бейнесі ретінде де, бастан өткерген көңіл-күйдің куәлігі ретінде де қабылданады.

Суретші туындыларында ерекше жарық толылығы бар. Тіпті сабырлы, шағын композицияларда ауа мен уақыттың қозғалысы сезіледі. Түстердің жұмсақ ауысуы, жылы мен суық реңктердің нәзік үндестігі және еркін бояу мәнері кенепке жан бітіріп, тынысын сездіргендей болады. Баратовтың көркемдік қолтаңбасына тән басты ерекшелік те осында жатыр.

«Мұзафар әуендері» – бұл күнделікті өмірден сұлулықты көре білу, айналадағы әлемнің әуенін есту және алған әсерді кескіндемелік бейнеге айналдыру қабілеті туралы көрме. Бұл – эмоционалды жад көзі ретіндегі табиғат туралы және жаңа күннің куәгері болу мүмкіндігі үшін алғыс білдіру формасы ретіндегі кескіндеме туралы сырлы сұхбат.

Нұршидин Баратовтың шығармашылығы – Қазақстанның қазіргі көркемдік процесінің ажырамас бөлігі. Оның туындылары пленэрлік кескіндеме дәстүрін жалғастыра отырып, сонымен бірге оның мүмкіндіктерін заманауи көркемдік тілде аша түседі. Жарыққа, табиғаттың күйіне және тікелей алған әсерге назар аудару суретшіге ұлттық кеңістік әмбебап эмоционалды үнге ие болатын туындылар жасауға мүмкіндік береді.

«Мұзафар әуендері» көрмесі көрерменді пейзажға жай ғана қарауға емес, оны бастан кешуге – жарықты, ауаны, тыныштықты және уақыттың қозғалысын сезінуге шақырады. Нұршидин Баратов кескіндемесінің ерекше күші де осында: қас-қағым сәттен мәңгілікті, үйреншікті дүниеден поэтикалық күйді, ал қарапайым пейзаждан өмір жырын көре білу.

Кураторы: Гүлденай Мұхтарқызы Бекбаулиева

Көрменің өту мерзімі: 29 қыркүйек – 16 қазан, 2026 ж.

Жұмыс уақыты: 10-00 – 18-00

Демалыс күні: дүйсенбі