1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, «Астана Балет» театры әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға арнап «Сырлы сахна» экскурсиясын өткізбекші. Бұл шара қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыратын «Ерекше мейрамдар» қоғамдық қорының қатысуымен өтеді.

Астаналық театр балаларға арналған экскурсия барысында театрдың ішкі әлемімен, сахна қызметі және шығармашылық топтың жұмысымен таныстырып қана қоймай, сонымен бірге, әлемдік және қазақстандық балет өнерінің пайда болып, дамуы жайлы дәріс оқуды жоспарлап отыр. Театрға кірген бойда балалар өзінің қалыптасқан ережелері мен дәстүрі бар өзге әлемге тап болады. Қазақ ұлттық хореография академиясымен бірлесе ұйымдастырылған экскурсияны ҚР Тұңғыш Президенті қоры тағайындаған сыйлықтың лауреаты, өнер магистрі, хореограф, қазақ хореографиясын зерттеп, насихаттаушы Анвара Садықова жүргізеді.

Сонымен бірге, экскурсияға келушілер спектакль костюмдері мен декорацияларының көрмесін де тамашалай алады. Бұл – асыл өнерге бір табан жақындаудың мүмкіндігі. Сондай-ақ, экскурсия барысында театр репертуарындағы балеттердің бірінен үзінді көрсетіледі. «Қуанамын» атты би де меймандарды бей-жай қалдырмасы анық. 

«Сырлы сахна» жобасының арқасында балалар мен ересектер театр тынысымен танысып, ішкі құпияларына қанық болады: әсем костюмдер мен декорациялар қалай жасалатынын, әртістердің репетиция өткізіп, шеберліктерін кемеліне жеткізетін дайындық орнын, грим жасаушылардың жұмысын өз көзімен көре алады.

Атап өтерлігі, аталған іс-шара санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізіледі. Келген меймандар бетперде киіп, қол жуып, сонымен бірге, көрермен залында әлеуметтік ара-қашықтықты сақтап, жайғасады.