30 шілдеде Freedom Кино мен ТВ-да «Ұмай» сериалы көрерменге жол тартты. Бұл -өмірдің тосын сынақтарына тап болған жас әйелдің тағдыры туралы әсерлі хикая. Ұмай қарапайым бухгалтер болып жұмыс істеп, адал еңбегімен күн көріп жүрген еді.
Алайда күйеуінің құмар ойынға тәуелділігі отбасының тыныштығын бұзып, оны ауыр қарыздардың ортасында қалдырады. Тығырыққа тірелген сәтте Ұмай күтпеген жаңалық естиді — ол ана атанғалы жүр. Енді оның әрбір таңдауы тек өз өміріне ғана емес, баласының және отбасының болашағына әсер етеді. Ұмай қиындыққа мойымай, ар-намысын сақтап қалу, баласын қорғау және тағдырын өзгерту үшін күресуге мәжбүр болады.
Сериалдың өзегінде — Ұмайдың тағдыры. Ол бұған дейін қандай қиындық кездессе де, өз қағидаларынан аттамай, бәрін еңсеруге болады деп сеніп келген еді. Алайда баспанасынан айырылуы, қарыздың көбейіп кетуі және жақындарын аман алып қалуға деген талпынысы оны өмірінде бұрын-соңды жасамаған қадамға баруға мәжбүр етеді. Ұмай амалсыздан қаржылық айлаға кіріседі. Осылайша оның өмірінде жаңа кезең басталады. Әрбір жасаған таңдауы оны біртіндеп қылмыс әлеміне жақындатып, тағдырын өзгертетін ауыр сынақтарға жетелейді.
«Ұмай» — бір ғана әйелдің жеке тағдыры туралы хикая емес. Сериал Қазақстанға 2010 жылдардың ортасында таныс болған күрделі кезеңді көрсетеді. Сол уақытта заңсыз қаржы айналымы мен ақша қолма-қолдандыруға байланысты көлеңкелі схемалар жасырын экономиканың бір бөлігіне айналған еді.
Авторлар бұл мәселені ауқымды қылмыстар арқылы емес, қиын жағдайдың құрсауында қалған қарапайым адамның тағдыры арқылы баяндайды.
Сериалда басты рөлді «Казахские страшные сказки», «Он и Она», «Чёрный, чёрный человек» сынды жобалар арқылы танымал болған Динара Бақтыбаева сомдады.
«Ұмай» сериалы мен үшін ең алдымен әйелдің шексіз күш-қуаты туралы хикая. Адамды сындырып жіберетіндей ауыр сынақтарға кезіккенде де оның алға қарай жүріп, күресуге күш таба білуі туралы. Көптеген көрермен Ұмайдың бойынан өзін немесе жақын адамдарын көре алады деп ойлаймын. Бұл оқиға әр адамның жүрегіне жол табады деп сенемін».
Сериал 10 бөлімнен тұрады. Әр бөлімнің ұзақтығы — 30 минут.
Бас продюсерлер: Тимур Баиров, Алишер Утев.
Продюсерлер: Рустам Юсупов, Игорь Воробьев, Александр Аксютиц, Сабит Рахимбаев.
Қоюшы режиссер: Алибек Абдухалик.
Рөлдерде: Динара Бақтыбаева, Альфия Кунгужинова, Жан Байжанбаев, Шариф Закир, Қуаныш Бейсагалиев, Ақылхан Алмасов, Никита Хвостенко.
«Ұмай» сериалының алғашқы бөлімі дәл қазір Freedom Кино мен ТВ-да эксклюзивті түрде қолжетімді.