21 қазанда елордада қайырымдылық саласындағы үздік меценаттар мен филантроптар үшін «Жомарт жүрек» республикалық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Қазақстанда қайырымдылық жасау мен оны дамытуға елеулі үлес қосқан қайырымдылық жасаушыларды табу және ынталандыру, оларға қоғамның назарын аудару мақсатында Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2018 жылы «Жомарт жүрек» сыйлығын тағайындаған болатын.

Биылғы конкурсқа 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалардың өкілдері қатысты.

Конкурс жеңімпаздары – онлайн-дауыс беру қорытындысы бойынша халық таңдаған 50 адам «Жыл тұлғасы», «Жыл меценаты», «Тұған өлке», «Жылдың үздік ұйымы» және «Жылдың үздік қамқоршысы» деп аталатын 5 номинация бойынша анықталды.

Марапаттау рәсіміне Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, бизнес саласының, қайырымдылық және еріктілер ұйымдарының өкілдері қатысты.

Қатысушыларға Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров құттықтау сөз сөйлеп, «Жомарт жүрек» республикалық сыйлығының жеңімпаздарына ерекше ілтипат білдірді.

«Біздің халқымыз қайырымдылықты адамның таза ниеті мен адамгершілік қарым-қатынасын бейнелейтін жақсылық пен тектіліктің белгісі деп санаған. Тарихи тұрғыдан алғанда, біздің елімізде қиындыққа тап болған адамға қол ұшын созу көптеген ғасырдан бері қалыптасқан дәстүр», - деді вице-министр.

Вице-министр сонымен қатар Арыс, Мақтарал, Тараз қалаларында болған төтенше жағдайлар мен оқиғаларға, сондай-ақ Қостанай облысындағы жақында болған өрттерге бей-жай қарамайтын азаматтардың, қайырымдылық жасаушылардың мен көмек берушілердің көрсеткен қызметі туралы айтты.

 «Қайырымдылық – азаматтық қоғамның жетілуінің белгісі. Елімізде қайырымдылық ұйымдарымен қатар, ізгі іспен айналысуды өмірінің мәні деп санайтын жандар да жетерлік. Меценаттар аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға, мүгедектерге, балалар үйлеріне кешенді қайырымдылық көмек көрсетуде.

Тек биылғы жылдың өзінде сіздердің бастамаларыңызбен елімізде көмекке мұқтаж азаматтар мен туған өлкені дамытуға 2,7 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бұл үлкен жетістік», - деп атап өтті Д.Қадыров.

Сөз соңында вице-министр «Жомарт жүрек» республикалық сыйлығының жеңімпаздарын, сондай-ақ барлық қатысушыларды келе жатқан ұлттық мереке - Республика күнімен құттықтады.

«Жомарт жүрек» сыйлығының 50 жеңімпазының әрқайсысы өз ауылын, қаласын дамытуға зор үлес қосып, мұқтаж жандарға көмектескен. Мысалға келтіріп айтсақ:

«Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша қайырымдылық қызметі үшін марапатқа ие болғандардың арасында ауыл мектептері мен балабақшаларға демеушілік көмек көрсетіп жүрген Қызылорда облысының «Ер-Әли» ШҚ басшысы Әліби Бекжанов бар. Оның демеушілігімен А.Оңалбаев атындағы № 117 орта мектебінде спорт залы мен ауылдық мәдениет үйінде 220 орындық көрермендер залы ашылған. Мақпалкөл ауылында демеушілікпен аз қамтылған отбасыларға арналған 4 үй салынды.

Марапатталғандар арасында «Жыл меценаты» номинациясы бойынша Түркістан облысының атынан қатысқан «Күлтөбе» ЖШС директоры Шәріпбек Саурықов бар. Ол Ақтас ауылы мен Бәйдібек ауданы Шыбыт елді мекенінің мұқтаж отбасыларына тұрғын үй салуға қаражат бөлген. Шаян ауылдық округіндегі Шаян ауылының мүмкіндігі шектеулі отбасылары мен мұқтаж тұрғындарына тұрғын үй салуға қаражат бөлумен қатар, осы ауылдың аз қамтылған отбасыларына тұрақты түрде азық-түлік және қаржылық көмек көрсетіп тұрады.

Туған жерді қолдау бойынша әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырғаны үшін «Туған өлке» номинациясымен марапатталғандардың арасында Ақтөбе облысының "Динар-Электромаш" ЖШС директоры Сергей Вишняк бар. Ол мәдениет, білім және спорт мекемелеріне тұрақты көмек көрсетіп келеді. Ақжар кентінде инфрақұрылымды ұйымдастыруға және Жаңақоныс кентінде көгалдандыру үшін демеушілік көмек көрсетілді. 150 мүгедек жанға азық-түлік пакеттері түрінде көмек беріп, 5 адамның оңалту-емделуі үшін жағдай жасалды. Балаларды оңалту орталығының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін демеушілік жасалды.

 «Жылдың үздік қамқоршысы» номинациясы жеңімпаздарының арасында Ақмола облысының «Балбөбек 2014» ЖШС басшысы Жанар Науханқызы Хасенова бар. Ол кешенді қайырымдылық қызметі мен елеулі әлеуметтік-маңызды өзгерістер жасағаны үшін  жеңімпаз атанған. Көп балалы отбасылардан шыққан 10 баланы балабақшаға тегін баруға демеушілік көмек көрсетілген; аз қамтылған, көп балалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға қаржылық қолдау жасалған; жыл сайын «Балбөбек 2014» ЖШС аудандық қайырымдылық балдарын, марафондарды, конкурстарды, жаңа жылдық ертеңгіліктерді, сондай-ақ түрлі мерекелерді тегін ұйымдастырады.

Мұндай мысалдар көптеп саналады.

Барлық лауреаттарға естелік сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.