Оқыту саласындағы жүйке биологиясының мүмкіндіктері, мектепте білім беру инновациялары және жаһандық EdTech үрдістері Алматыда өткен «EdCrunch Reload: Ақыл мен технологияның бірігуі» атты білім технологиялары туралы халықаралық конференцияда талқыланды.

Білім берудегі ақпараттық және компьютерлік технологияларды дамыту, білім берудің қолжетімділігін және заманауи педагогикалық дизайн мүмкіндіктерін күшейту мәселелері EdCrunch Reload 2022 конференциясының ең көп талқыланған тақырыптарының бірі болды. Қазіргі әлемде білім беру адам капиталының өсуінің негізі бола отырып, жаңа экономика мен қоғамның дамуының ажырамас компоненті болып табылады. Білім сапасын, оның қолжетімділігі мен жағдайларын жетілдіру бүгінгі таңда мектеп үшін ғана емес, бүкіл ел экономикасына қосқан үлес деген сөз.

Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының басшысы Ксения Верба білім алудағы қолжетімділік мәселесінде баланың қай аймақта тұратынын да ескеру қажет деп атап өтті: «Оқытудың заманауи әдістері туралы айтқанда, осы күнгі жағдайымыз қазірдің өзінде қала оқушысына да, ауыл оқушысына да жайлы әрі сапалы ортаны бірдей жасауға мүмкіндік беретінін түсінуіміз керек. Бұл үшін ересектердің балаға көмектесейін деген шынайы ниеті мен ұмтылысы жеткілікті. Осының арқасында біз қала мен ауылдағы білім арасындағы алшақтықты жоя аламыз, ауыл баласының болашағына сенетінімізді және оның дамып-жетілуіне көмектесуге дайын екенімізді көрсете аламыз».

Отандық білім беру саласының ілгерілеуі тұрақты қалыпта, алайда әлі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Бұл салаға әсер ететін факторлардың бірі – оқушылар санының артуы. Мысалы, биыл жалпы ел бойынша мектеп оқушыларының саны алғаш рет 3,6 миллион адамнан асты. Бірінші сынып оқушыларының саны да 400 мыңнан астам баланы құрап, жаңа рекорд орнатты.

«Бүгінгі таңда білім саласы цифрландыру кезеңіне тап болып отыр. Жаңа технологиялар көптеген салаларды өзгертуде және жақын арада бұл үрдіс өзгерістерді қабылдай бермейтін білім беру саласына да жетті. Дегенмен оқыту әдістері бұдан былай бұрынғы қалпында қала алмайды. Біз педагогикадағы жаңа цифрлық технологияларды осы EdCrunch сияқты іс-шаралар арқылы дамытқымыз келеді», - деді EDCrunch конференциясының негізін қалаушы Нұрлан Қиясов.

Білім сапасын арттыру және білім алу үшін тең жағдай жасау мемлекет үшін де, Қазақстандағы әлеуметтік бағыттағы компаниялар үшін де басымдық болып қала береді. Мәселен, Білім беруді тұрақты дамыту қоры басымдық берілген жоба ретінде «Ауыл мектебі Powered by NIS» білім беру бағдарламасын таңдапты. Бас серіктесі – «НЗМ» ДББҰ.

Жобаның басты мақсаты – қолжетімді сапалы білім беруді қамтамасыз ету және қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту. Бағдарлама мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және білім берудің флагмандық тәжірибесін аудан мектептеріне табыстауға, сондай-ақ ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын толығымен жаңартуға бағытталған.

«Барлық қазақстандық оқушылға бірдей жағдай жасау өте маңызды. Әр балада білім беру ортасы қалыптасуы керек: ата-ана, мектеп, ұстаздар, құрдастары – осының бәрі жалпы алғанда оған білім, мағлұмат, дағды береді. Мектеп пен мұғалімдердің орнын басу мүмкін емес, - дейді Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев, - «Powered by NIS Ауыл мектебі» бағдарламасы аясында біз жаңа тәжірибені қабылдай алатын, айналасында шағын жинақталған мектептер орналасқан тірек мектептерді жаңғыртудамыз. Жоба әдістемелік көмек көрсетуге, мұғалімдерді қолдауға, білім сапасын арттыруға және қолжетімді білім беру ортасын құруға бағытталған».

Мұндай бастамалар Қазақстанның жаңа білім беру жүйесін қалыптастырудағы маңызды қадам болып табылады, онда сапалы орта білім барлық өңірлерде қолжетімді болады. Ауыл және қала мектептерінде білім алудың тең жағдайлары түлектерге қай жерде тұратынына қарамастан жоғары деңгейдегі білім мен ақпараттық және цифрлық технологияларды меңгеру дағдыларын алу мүмкіндігін береді.