Форум алаңы бизнестегі 100-ден астам табысты әйел, оңтүстік астананың қоғам қайраткерлері, ірі компаниялар, банктер, даму институттарының басшыларын жинады.

Алматы қаласы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақеркін Ералиева форумның жұмысын бастап, оңтүстік астанада әйелдердің бизнестегі қызметі сан алуан екенін атап өтті. Ең бастысы, іскер әйел әлемдегі өзгерістерді бақылайды, нарықтың жаңа сын-қатерлеріне қарай бейімделе алады.

«Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов жеті жыл ішінде Іскер әйелдер кеңесі қуатты кәсіпкерлік алаң ретінде қалыптасқанын айтты. Aл бизнес саласындағы әйелдер форумы – Кеңестің тиімді алаңдарының бірі. Ол өңірлік тұрғыдан жыл сайынғы іс-шараға айналған.

«Әйелдер кәсіпкерлігі – отандық бизнестің маңызды күретамыры. Әдетте мұндай бизнесте тәртіп, жауапкершілік, ұжымға деген қамқорлық болады. Менің ең сенімді әріптестерімнің бірі – әйелдер. Қыз-келіншектердің кәсібі күн сайын кездесетін қиындықтарға қарамастан, өте қарқынды дамып келеді. Бүгінгі форум – өңірлік іскер әйелдердің үні, жаңа идеяларды қалыптастыруға арналған нетворкинг», – деді Райымбек Баталов.

Сондай-ақ, палата басшысы әйелдерді қолдау үшін гранттар, пайызы төмен несиелеу, субсидиялау сынды мемлекеттің түрлі преференциясы қажет екенін атап өтті.

Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әйелдер басқаратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 43,5%-ды құрады. Әйелдер кәсіпкерлігі ШОБ секторындағы жұмыс орындарының 31%-ын және Қазақстанның ЖІӨ-нің 14,6%-ды қамтамасыз етеді.

Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова өткен жылы Қазақстан экономикасы елеулі сын-қатерлерге тап болғанын атап өтті. Бұл – тұтынушылық инфляцияның рекордтық жоғары қарқыны, ақша-несие саясатының қатаюы және күрделі геосаяси жағдайдың теріс салдары. Сондай-ақ Halyk банк басшысы қазіргі әлемдегі әйелдердің маңызды рөліне құрметін білдірді.

«Halyk Bank кәсіпкер әйелдерді қолдауға ерекше көңіл бөледі. 2018 жылдан бастап Halyk Bank өзінің «бизнестегі әйелдер» бағдарламасын қаржыландырып келеді. Оның шеңберінде 530-ға жуық кәсіпкер әйел жалпы сомасы 5 млрд теңгеге жылдық 5%-бен несие алды. Жылдың басында біз тағы бір миллиард бөлетінімізді жарияладық. Осылайша, бұл бизнестегі әйелдерді қолдауға Halyk Bank-тен бөлінген 6 миллиард болады. Әйелдерге ұйым ұйыту, кәсіп жүргізу табиғатына тән қабілет. Бұл отбасы болсын, қоғамдық қызмет немесе кәсіп болсын, бәріне жауапкершілікпен қарауды білдіреді. Мысал ретінде, банк клиенттердің «қара тізімінде» әйелдер ерлерге қарағанда 1,2-ге аз екенін айтуға болады. Егер бизнесті жүргізудің осы әйелдік моделі тұтастай алғанда адамдардың қоғамға және бір-біріне жауапкершілікпен қарауына ауысса, әлем әлдеқайда жақсы болар еді», – деп түйіндеді Үміт Шаяхметова.

Форумның негізгі панельдік сессиясында ел экономикасы үшін макроэкономикалық трендтер мен сын-қатерлер, кәсіпкерлікті дамыту бойынша қолдау шаралары мен құралдары талқыланды. АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Алматы әйелдерінің іскерлік белсенділігін атап өтті. Сондай-ақ, форумның арнайы қонағы – Украинаның іскер әйелдер клубының мүшесі Илона Бордян әйелдер бизнесінің ерекшеліктерін айтты.

Осы жылдан бастап Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары Қазақстанның барлық өңірінде «Бір ауыл – бір өнім» қосымша қызметімен жұмыс істейтін болады. Осы жоба туралы «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Салтанат Әбдікәрімова айтты. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары қажеттіліктер негізінде қызметтердің 7 түрін ұсыну және әйелдердің сұранысына қарай оқыту мен тәлімгерлік тағайындау бағытында жұмыс істейді.

«Бүгінде көптеген ірі трансұлттық компанияның жұмысы әйелдер лидерлігін белсенді түрде дамытуға және әйелдер үшін жеке өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Айта кету керек, осы мүмкіндіктердің көмегімен әйелдер көбіне лидерлік позицияларды алады. Мысалы, біздің компанияның топ-менеджерлерінің 50%-ы – әйелдер. Компанияның әйелдердің дамуына қосқан үлесі өзіне сенуге және табысты болуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Coca-Cola Icecek Қазақстан компаниясының корпоративтік және реттеуші қатынастар жөніндегі директоры Әлима Исембаева.

Практикалық бизнес-сессияда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының менторы Анна Осипова бизнесті жүргізудегі негізгі қателіктер мен сәтсіздіктерді талдады. «Бухгалтер на миллион» кітабының авторы Алексей Розинкин кәсіпкерлерге арналған шеберлік сабағы мен коучинг өткізді.

Қорытындылай келе, форум модераторы, Алматы қаласы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақеркін Ералиева қатысушыларға өнімді жұмыс үшін алғысын білдірді.

«Біз Women in Business форумы жыл сайынғы маңызды шараға айналғанына қуаныштымыз. Осы алаңда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері талқыланады, жаңа жылға трендтер белгіленеді, тәжірибе мен энергия алмасу болады. Біз бір-бірімізге шабыт сыйлаймыз, жаңа жетістіктерге ынталандырамыз. Форумның әр қонағына жетістік, мол табыс тілеймін», – деп атап өтті Ақеркин Ералиева.

Форум жұмысына «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов, «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова, Halyk Bank АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова, Алматы қаласының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақеркін Ералиева, Алматы ӨКП төрағасы Әуез Тайымбетов, «Даму» қорының басқарма төрайымы Гаухар Бөрібаева, KASE басқарма төрайымы Алина Алдамберген, Kazakhstan Press Club президенті Әсел Қараулова, Central Asia Public Affairs and Communication Director, Coca-Cola Icecek Kazakshstan Әлима Исембаева, CEO Clever Market Алуа Көрпебаева,  Technowomen негізін қалаушыларының бірі Әсем Нұрғалиева, Qolday кәсіпкерлік орталығының бас директорының орынбасары Әсем Мақашова және басқа да спикерлер қатысты.