Алматыда айтулы іс-шара – Almaty Theatre үлкен сахнасында бүкіл әлемнің ең дарынды хореографтары мен бишілерінің басын қосқан Ballet Globe халықаралық заманауи би фестивалі өтті. Алматыдағы Ballet Globe халықаралық би фестивалі Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық етуіне орай жаңа бағдарламамен өтті. Айта кететіні, Алматы қаласы Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2023-2024 жылдардағы мәдени және туристік астанасына айналды.
“Биыл Ballet Globe халықаралық фестивалі тұжырымдамасын өзгертіп, қаланың тұрғындары мен балет өнерін сүйер қауымның назарын Контемпори стиліне аударуды ұйғарды. Бұл Еуропа, Америка мен Азияда қарқынмен дамып келе жатқан өте үлкен индустрия. Осы Фестивальда біз көрерменнің назарына әлемдік сахналардың ең ғажайып қойылымдарын және, әлбетте, бұл әртістердің өз орындауында ұсындық. Ballet Globe фестивалінің бірегейлігі – ол көрерменге бидің классикалық түрлерін рахаттана отырып тамашалауды ғана емес, сонымен қатар орындаушылық өнерді қабылдаудың жаңа көкжиектерін ашып, сананы кеңейтуді ұсынады. Айтайын дегенім, сахнадағы көріністі тамашалаған көрермен ойға шомып, бәлкім, өзін мазалаған сұрақтың жауабын тапқан шығар. Заманауи өнердің мақсаты да осы!” - дейді Ballet Globe компаниясының ұйымдастырушысы және негізін қалаушы Ерлан Андағұлов.
Қазақстанда жыл сайын өтетін Ballet Globe халықаралық фестивалі мәдени өмірдегі ең маңызды оқиғалардың бірі ретінде әйгілі. Еліміздің бас театрларымен жұмыс жасалатын әр маусымда сахнаға ең жұлдызды балет әртістері жиналады. Жаңа маусымның ашылуы да әдеттегідей тамаша болды. Италиядан келген балет әртістері Саша Рива мен Симоне Репеле Алматыға екінші рет келді.
Балет әлемінде аты аңызға айналған әртістердің келуі нағыз сыйлық болды. Олардың ішінде Нидерланд NDT1 заманауи театрының жетекші солистері, Фландрия Корольдік балетінің жетекші солистері, Женева Үлкен театрының жетекші солистері бар.
Astana Opera театрының солисті Сұлтанбек Ғұмардың орындауындағы Патрик де Бана хореографиясымен «Тұран» этно-фольклор ансамблінің музыкасына негізделген “Қилы заман” көрінісі жеке қойылым түрінде назарға ұсынылды.
Кеш бағдарламасында Франц Шуберттің “Jeune Fille et Les Morts” музыкасына, Гавин Брайерстің ”Sinking”, композитор және пианист Эцио Боссоның "What If”, Арманд Амардың “Playground”, Андре Барростың “Conscious Shift” шығармасына негізделген қойылымдар көпшілік назарына ұсынылды. Әр туынды бірегей және әрқайсысында қазіргі заманның мәні бар.
Жобаның режиссері Ерлан Андағұловтың өзі болды.
“Шығармада өзіндік байланыс пен идея үйлескен. Контемпори стилі көрерменмен оның тілінде сөйлеседі; әркім өзінің хикаясын және басынан өткенін, сезімін көре алады, мұның өзі оның жағдайды жаңа қырынан бағалап ой толғауына жол ашады. Көрермен сахнада көргенін, өз-өзіне көзқарасын, өзара қарым-қатынасты талдайды, бұл өзін тереңінен танып білуге, түсінуге, сыйлауға ықпал етеді” – деді Хлоя Альбарет, Франция.
Іс-шараның соңында өнер сүйер қауымға тағы бір тамаша тосын сый жасалды – сахнада DJ Dianella өнер көрсетіп, лазерлік шоу қойылды, оған шыққан заманауи би әртістері көрерменге бас иіп, тағы бір, жалпы Перформансты назарға ұсынды. Алматылық көрермендер Ballet Globe фестиваліне келген қонақтарды ду қол шапалақтап, ерекше ықыласпен қарсы алды.
Ballet Globe халықаралық фестивалі Алматықаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.
Фото: Владимир Заикин