2025 жылғы 4–5 қазанда Достық алаңында, Республика сарайының алдында халықаралық қолөнер фестивалі ALA CRAFT 2025 өтеді. Бұл шара Орталық Азиядағы ең ірі мәдени оқиға болып, Қазақстан мен шетелден келген 100-ден астам шеберді біріктіреді. Фестивальді Әлемдік қолөнершілер кеңесінің (World Crafts Council), Қазақстан қолөнершілер одағының, Smithsonian Center for Folklife and Cultural Heritage (АҚШ) және Алматы қаласы Туризм басқармасының қолдауымен ұйымдастырады.
Фестивальдің басты оқиғасы – қолөнершілер жәрмеңкесі. Келушілер әлемнің түкпір-түкпірінен келген шеберлердің көне дәстүрлерімен танысып, олардың туындыларын тамашалай алады. Сондай-ақ, шара аясында Алматы әкіміне «Алматы – әлемдік қолөнер қаласы» мәртебесін Әлемдік қолөнер кеңесінің президенті ресми түрде табыстайды. Бұл атақ қаланың мәдени мұраны сақтау мен креативті экономиканы дамытуға қосқан үлесін мойындау болып табылады. Сонымен қатар, Алматыны Орталық Азиядағы қолөнер мәдениетінің жетекші орталығы ретінде нығайтады.
– Алматыға World Craft City мәртебесінің берілуі – тек қала үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиға. Қазақстан Президенті өзінің соңғы Жолдауында туризмді дамытуды еліміздің болашағына арналған стратегиялық міндеттердің бірі ретінде атап өткен болатын. Біз ALA CRAFT тек қана қолөнершілер мерекесі емес, сонымен қатар Алматының туристік әлеуетін жарқын көрсететін шара болатынына сенімдіміз. Фестиваль қаламыздың – дәстүрлерді сақтай отырып, заманауи креативті тәжірибелерді қолдайтын мегаполис екенін дәлелдейді. ALA CRAFT халықаралық туристердің назарын аударып, әлемдік мәдени картадағы маңызды оқиғаға айналады, – деді Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Ещанова.
Қазақстаннан бөлек фестивальге Австралия, Жаңа Зеландия, АҚШ, Ресей (Адлер, Татарстан, Башқұртстан), Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Үндістан, Италия және Франциядан қолөнершілер мен этно-дизайнерлер қатысады.
– Фестиваль – мәдениеттер арасындағы диалог пен өзара әрекеттестік алаңы. Қазақстанның басқа елдермен қолөнер арқылы байланысы халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, жасампаздыққа жетелейді. Біз мәдени алмасу шеберлерге шабыт беріп, жаңа жобалар жасауға және бір-бірімізді өнер мен дәстүр арқылы жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді Әлемдік қолөнершілер кеңесі Азия-Тынық мұхиты аймағы басқармасының құрметті мүшесі әрі кеңесшісі Азиз Муртазаев.
Фестиваль бағдарламасы мыналарды қамтиды:
- Республикалық «Шебер» байқауының үздік жұмыстарының көрмесі (Chevron қолдауымен жүлде қоры шеберлердің шетелдік білім сапарларына жұмсалады);
- Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Үндістан және Италия этно-дизайнерлерінің шеберлік сабақтары мен таныстырылымдары;
- Қолданбалы өнер бұйымдарының жәрмеңкесі;
- Музыканттардың өнер көрсетуі және ұлттық киімдер дефилесі;
- Арнайы шоу – 4 қазанда қазақстандық күш атасы, күштік өнерден төрт мәрте әлем рекордшысы, Гиннес рекордтар кітабының иегері, алты мәрте Қазақстан рекордшысы Сергей Цырульниковтың өнері. Ол фестиваль аясында жаңа әлемдік рекорд орнатуды жоспарлап отыр.
Сонымен бірге, фестивальде кез келген қалаушы дәстүрлі қолөнер түрлерін байқап көріп, өз қолымен ерекше бұйымдар жасай алатын шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.
Қатысушылар қатарында: Қазақстанның жетекші зергерлері (Серікқали Көкенов, Серік Рыспеков, Сержан Баширов және басқалар), музыкалық аспап жасаушы шеберлер – Жолаушы Тұрдығұлов бастаған, сондай-ақ дизайнерлер Айжан Бекқұлова, Тілек Сұлтан, Әуес Сағынаева, Айдархан Қалиев жетекшілік ететін Aspara бренді және тағы басқалары.
Толығырақ ақпарат пен фестиваль бағдарламасы сайтта қолжетімді: www.alacraft.kz