2025 жылдың 2–16 қазаны аралығында әлеуметтік тақырыпты қозғайтын «Бүркітші» көркем фильмінің түсірілім жұмыстары өтті. Картина Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының өндірісінде, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.
Фильмнің оқиғасы бүркітші Талғат есімді кейіпкердің өміріне арналады. Бүркітпен аңға шыққан ол жартастар етегінен белгісіз бойжеткеннің денесін тауып алады. Осы оқиғаға байланысты жас полиция қызметкері Әлиямен бірігіп, құпия өлімнің сырын ашуға кіріседі. Уақыт өте келе олардың екеуі де бұл өңірде жасөспірімдердің жоғалуының жалғыз оқиға еместігін түсінеді. Талғат үшін бұл тергеу әділдік жолындағы жеке күреске айналады.
«Бүркітші» фильмі драма және криминал жанрында түсірілген. Сценарий авторы әрі режиссері – Қуаныш Стаханов, оператор-постановщик – Рамиль Изимов, қоюшы-суретші – Бекен Нарбаев, атқарушы продюсер – Мәдина Дюсембаева.
Басты рөлдерді Берік Айтжанов, Зарина Кармен, Қуандық Жүнісов, Ермек Шынболатов, Қуаныш Бейсәғалиев, Мерей Мақажан, Айжан Пернебекова, Айнұр Бермұхамбетова, Елдос Шайкенов, Қадырғазы Қуандықов, Жандос Сейдалин, Жасұлан Көпберген және Бауржан Ордин сомдайды.
«Бүркітші» картинасы қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғай отырып, адам рухының қуатын, ақиқатқа ұмтылысты және өмір сынақтары алдындағы ішкі беріктікті бейнелейді.