Алматыда музыка, заманауи өнер, театр және белсенді демалысты бір арнаға тоғыстыратын ауқымды қысқы қалалық фестиваль — «Жаңа жыл Панфиловта» өз жұмысын бастайды. Жоба мегаполистің басты жаңа жылдық алаңдарының біріне айналып, 21 желтоқсаннан бастап Панфилов көшесінде өтеді.
Фестивальдің ашылуы жас әрі талантты диджейлерді қолдауға арналады. 21–30 желтоқсан аралығында мұнда DJ-марафон өтеді: іріктеуден өткен 15 қатысушы күн сайын 17:00-ден 22:00-ге дейін екі сағаттық сеттерін ұсынады. Байқау қалалық музыканың жаңа толқыны өкілдерін біріктіріп, үздік қатысушылар фестиваль серіктестерінен сыйлықтар мен жүлделер алады. Музыкалық бағдарлама Панфилов көшесін ашық аспан астындағы жанды сахнаға айналдырады.
Музыкамен қатар фестивальдің көркемдік бағыты да дамып келеді. 16 желтоқсанда «Эко-ёлка Алматы» байқауының open-call кезеңі аяқталды. Байқауға мектеп оқушылары, тәуелсіз суретшілер, дизайнерлер мен шығармашылық ұжымдардан 30-дан астам өтінім түсті. Іріктеу нәтижесінде финалға өткен 15 қатысушының жұмыстары фестиваль аясында жүзеге асырылып, көпшілікке ұсынылады. Әр финалистке қайта өңделген және екінші реттік материалдардан арт-шырша жасау үшін 100 мың теңге көлемінде грант бөлінді. Байқау қорытындылары мен жеңімпаздар негізгі мереке күндері жарияланып, үздік авторлар ақшалай сыйлықтарға ие болады.
Фестивальдің маңызды кезеңі 27 және 28 желтоқсанда өтеді. Бұл күндері Панфиловта үш метрлік марионеткалар, актерлер және жарық эффектілері қатысатын иммерсивті театрландырылған қойылым көрсетіледі. Шоу Алматыға арнайы жазылған жаңа қалалық ертегіге негізделіп, көрермендерді кейіпкерлермен тікелей әрекеттесуге тартады. Қойылым балаларға да, ересектерге де арналған және жаңа жылдық бағдарламаның ең әсерлі оқиғаларының бірі болмақ.
Сол күндері фестиваль аумағында қалалық snow-park ашылып, көрсетілімдік сырғанаулар мен жарыстар өтеді. Сонымен қатар жас музыканттар байқауы ұйымдастырылып, жаңа есімдер мен қалалық қауымдастықтарды қолдау идеясы жалғасады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Панфиловтағы Жаңа жыл » — бұл көшені мерекелік безендіру ғана емес, мәдениет, экология, музыка және жанды қарым-қатынасты біріктіретін заманауи қалалық дәстүр қалыптастыруға бағытталған жоба. Фестиваль Алматы тұрғындары мен қонақтарына ашық және Жаңа жыл қарсаңында жарыққа, қозғалысқа және жаңа қалалық көңіл күйге толы кеңістік болуға уәде береді.