Сериалдың желісі XVII ғасырдың басындағы Жапонияда өрбиді. Ағылшын штурманы Джон Блэкторнның кемесі апатқа ұшырап, еуропалықтар бұрын соңды болмаған Жапонияға тап болады. Өмір мен өлімнің арасындағы тұтқындықта ол тағдырдың талай сынағынан өтеді. Ақыры билік үшін жүріп жатқан күрестің бел ортасында жүрген Торанага атты ықпалды самурайдың ең жақын одақтасына айналады.
Бұл туынды 1976 жылы жарық көрген Джеймс Клавеллдың әйгілі «Сёгун» романына негізделген. Бұл шығарма оқырмандардың көңілінен шықса да, тек 2024 жылы сериал шыққаннан кейін әлемдік деңгейде танымал болды. Жоба «Эмми» жүлдесінің 25 аталымы бойынша ұсынылып, жылдың ең көп талқыланған сериалдардың біріне айналып, халықаралық деңгейде мойындалды.
Сериал Gotham TV Awards жүлдесіне үш аталым бойынша ұсынылды. Оның ішінде «Үздік жаңа мини-сериал» аталымы да бар.
Әсерлі сюжет, мықты актерлік құрам және сапалы режиссура сериалдың жоғары рейтингіне әсер еткені сөзсіз:
- IMDb рейтингі — 8,7;
- IMDb-дің үздік 250 сериалдың ішінде 107-орын;
- Rotten Tomatoes: сыншылардың бағасы — 99%, көрермендердің пікірі — 91%.
Қазақ тіліндегі нұсқа кәсіби мамандардан құралған ұжымның қатысуымен әзірленді. Тілдік дәлдікті қамтамасыз ету мақсатында режиссер, аудармашы және мәтін үйлестіруші бірлесе жұмыс жасады.
Жұмыс барысында Жапон фонетикасы да ескеріліп, қазақ тіліндегі нұсқада атау «Шөгүн» деп дыбысталды.
Шах-Мұрат Ордабаев, «Freedom Media» компаниясының дубляж бойынша жетекші маманы:
«Сёгун» сериалы – көптілді форматта жасалған ерекше жоба. Ондағы кейіпкерлер ағылшын және жапон тілдерінде сөйлейді. Осы күрделі материалды көрерменге барынша түсінікті етіп жеткізу үшін командамыз әрбір сахнаны мұқият талдап, тиімді шешімдер іздеді. Сахнаның мазмұны мен динамикасына қарай синхронды дубляж, кадр сыртындағы дауыс және субтитрлер қолданылды. Басты мақсат – көрерменге оқиғаны түсінікті етіп жеткізу.
Жұмыстың келесі маңызды кезеңі – дауыс таңдау. Негізгі рөлдер тез бекітілгенімен, Ёси Торанаги бейнесіне лайықты дауыс табу оңайға соқпады. Қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқалар үшін де сәйкес келетін кандидат табу да оңай болмады. Біз үшін дауыс пен тембр арқылы кейіпкердің сабырлығын, ішкі темпераментін және күшін көрсету маңызды болды.
Сонымен қатар, теңізге қатысты терминологияны бейімдеу де үлкен жұмысты талап етті. Қазақстанда теңіз мәдениеті англосаксон немесе жапон халықтарындай терең қалыптаспаған. Сол себепті кемелер мен теңіз атрибутикасына байланысты ұғымдарды аудару барысында қосымша зерттеу жүргізіп, дереккөздермен мұқият жұмыс істеуге тура келді.
Осы ерекшеліктердің барлығы жобаны күрделі әрі қызықты етті. Дубляждың басты ерекшелігі – екі бірдей кәсіби дауыс: «Жастар» театрының талантты актёрлері Даурен Серғазин мен Назерке Серікболова. Даурен Серғазин кино саласында да кеңінен танымал. Кәсіби шеберлердің арқасында көрерменге кейіпкерлердің интонациясы мен жан дүниесін дәл жеткізді.
Тимур Баиров, сериалдың қазақ тіліндегі нұсқасының маңыздылығы туралы:
Бұл жоба қазақ тілінің халықаралық мәдени кеңістіктегі орнын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Сонымен қатар, ол сапалы жергілікті контентті дамытуға тың серпін береді. «Сёгун» сериалының қазақша нұсқасы көрермен үшін тек ыңғайлы көру форматы ғана емес, ана тілімізді кеңінен дәріптеуге, сондай-ақ аудиторияның қазақ тіліндегі контентті саналы түрде таңдауға мүмкіндік беретін ауқымды жұмыстың ажырамас бөлігіне айналады деп сенеміз.