Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының зардап шеккен бизнесті қалпына келтіру және қаланы одан әрі дамыту туралы тапсырмаларын орындау бойынша қала активінде сөйлеген сөзінде мегаполисті абаттандыру және салу жоспарлары туралы айтты.
Спикер өткен жылы құрылыс салу ережелері қабылданғанын, тарихи орталықты сақтай отырып мәселе шешілгенін, қоныстанудың ең жоғары тығыздығы мен қабаттылығы (гектарына 440 адам) белгіленгенін, құрылыс салушылардың салынып жатқан тұрғын үй кешендеріне мектептермен, балабақшалармен, өзге инфрақұрылыммен қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша міндеттемелері енгізілгенін еске салды.
«Алайда, жаңа ТК құрылысына және ескі тұрғын үйлерді қайта жаңартуға байланысты қоғамда үнемі пікірталастар болып тұратын мәселелер әлі де бар. Осыған байланысты мен меншік иелерінің 100%-ы жеке инвесторды тартуды қолдайтын үйлерді қоспағанда, ескірген тұрғын үй қорын бюджет қаражаты есебінен реновациялау бағдарламасын одан әрі іске асыру жөнінде шешім қабылдадым. Сондай-ақ, Абайдан жоғары әл-Фараби даңғылы мен Жандосов көшесіне дейінгі, Шығыс айналма жолынан Саин көшесіне дейінгі учаскелердегі тұрғын үй ғимараттарының биіктігі шектеліп, тау бөктерінде аз қабатты ТК салуға тыйым салынады. Менің орынбасарым Әзірбаевқа бір ай мерзім ішінде қабылданған шешімдерді бекітуді тапсырамын», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Ол қалада ауқымды абаттандыру жұмыстары жалғасатынын атап өтті. Көктемде әуежайдан Тұңғыш Президент саябағына дейінгі қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру (ұзындығы 25 км), инфрақұрылымы жақсартылған тоғыз көшені (17 км) реконструкциялау басталады, 2023 жылы жұмыстар басталатын сегіз көше бойынша жаяу жүргіншілер аймақтарының жаңа жобалары, сондай-ақ ағымдағы жылдың соңына қарай құрылысы басталатын «кіру магистральдарын» (қала қақпаларын) абаттандыру жөніндегі жоба әзірленетін болады.
Сағынтаевтың айтуынша, алматылықтар «Халықтық бюджетке қатысу» жобасына белсенді қатысуда-жоба басталғаннан бері қалалықтардан ұсыныстар саны үш есеге жуық өсті.
«Биыл жобаны жүзеге асыруға 7,4 млрд теңге бағытталғанын атап өткім келеді. Халық тарапынан сұраныстың артуына қарай қаржыландыру көлемі артатын болады», - деді қала әкімі.