Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кеңсе мониторингі басқармасының бас маманы Қайрат Тұрымбетов баяндап берді.

2021 жылы Қазақстанда кірістер мен мүлікті кезең-кезеңмен жалпыға бірдей декларациялау жарияланды. Егер сол кезде декларацияны мемлекеттік қызметшілер ұсынған болса, екінші кезеңге бюджеттік ұйымдардың, квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері мен олардың жұбайы (зайыбы) жатады.

240-нысандағы декларацияны тапсыру мерзімі кірісті алғаннан кейінгі жылдан кешіктірілмеуі қажет.

«Егер кіріс 2023 жылы алынған болса, онда декларация 2024 жылдың 31 наурызынан кешіктірілмей тапсырылады», - деп түсіндірді спикер.
Декларацияны тапсыру мерзімдерін бұзуға келетін болсақ, бірінші рет ескерту беріледі, қайталап бұзу 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соқтырады.

Департаменттің мәліметінше, азаматтардың келесі санаттары жеке табыс салығы бойынша декларация тапсырады:

  • жеке кәсіпкерлер;
  • жеке практикамен айналысатын тұлғалар;
  • мүліктік кіріс алған жеке тұлғалар;
  • Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден табыс алған жеке тұлғалар және т.б.

Жылдық табысқа жеке тұлғаның барлық кіріс түрлері кіреді. Мысалға, бұл қатарға тауарды сатудан, жұмысты орындаудан, өтеусіз алынған мүліктен, дивидендтер түріндегі табыстар, сыйақылар, ұтыстар, стипендиялар, мүліктік кірістер және т.б. жатады.