Алматыда шілде айында 214 мемлекеттік білім беру ұйымдарына 2023-2024 оқу жылына дайындығын анықтау мақсатында мониторинг жүргізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласының Білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Ермекбаева айтып берді.
Естеріңізге сала кетейік, Департамент - білім беру қызметтерін көрсету сапасын арттыруға, білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған бақылау және іске асыру функцияларын жүзеге асыратын ҚР ОАМ аумақтық органы.
Мониторингке Алматы қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің және аймақтық «Өрлеу» Ұлттық біліктілікті арттыру орталығының қызметкерлері тартылды.
«Алматы қаласында мектептерінің 68 пайызында ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталған. Жаңа оқу жылының басталуына дайын. Қалған мектептерде ағымдағы жылдың 25 тамызына дейін бітетіні күтілуде, алайда конкурстық процедураның кешігіп өткізілуіне байланысты кейбір мектептерде ағымдағы жөндеу жұмыстары кешігіп басталған», - деп хабарлады Г.Ермекбаева.
Спикердің сөзінше, жоспарға сәйкес төмендегі білім беру мекемелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі аяқталып, биылғы оқу жылына оқушыларды қабылдауға дайындық жүргізілуде:
- №80 жалпы білім беретін мектеп,
- Б.Момышұлы атындағы №131 Гимназия,
- №48 мектеп-гимназия,
- №15 мектеп-гимназия,
- №141 жалпы білім беретін мектеп,
- Білім инновация лицейі.
Орын тапшылығын азайту мақсатында №48 мектеп-гимназияда және №148, №112, №9 мектеп-интернатында 920 орынға арналған қосымша жаңа ғимараттар салынып, іске қосылды.
Сонымен қатар, әлі де күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқан объектілер бар, ол №127 және №70 жалпы білім беретін мектептер, жұмыстарды биылғы желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.
Апатты жағдайда деп танылған №59 мектеп-гимназиясының бір оқу ғимараты, спорт зал және асхана ғимараты сүріліп, орнына 300 орынға арналған жаңа ғимарат және ескі ғимаратқа қайта жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар ағымдағы жылдың шілде айынан бастап №10 мектеп-интернатқа да күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
Г. Ермекбаеваның айтуынша, осы аталған білім беру ұйымдарының оқушыларына жақын маңайда орналасқан мектептерде жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін білім алуға жағдай жасалды. Оқушылардың сапалы білім алуына ешқандай кедергі келтірілмейді.
«Осыған байланысты, №97 және №154 жалпы білім беретін мектеп ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізілуіне жарамсыз болғандықтан, сүріліп, орнына «Жайлы мектеп» жобасының негізінде жаңа ғимарат салу жұмыстары жоспарланды. Сондай-ақ, мониторинг қорытындысы бойынша күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет деп танылған білім ұйымдарының тізімі жасалды», - деп ақпараттандырды спикер.
Мониторинг барысында анықталғандай, 164 білім беру ұйымы жаңа модификацияланған физика кабинетімен, 158 білім беру ұйымы жаңа модификацияланған химия кабинетімен, 159 білім беру ұйымы жаңа модификацияланған биология кабинеттермен жабдықталған және 79 білім беру ұйымы заманауи робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Сонымен бірге, 56 білім беру ұйымында жаңа модификацияланған кабинет алуға конкурстық рәсімдер жүріп жатқандығы анықталды.
Қауіпсіздікке келетін болсақ, барлық қалалық білім беру ұйымдары бейнебақылау камераларымен жабдықталған, камералар мен дабыл түймелері жергілікті полиция бөлімдеріне қосылған. Сонымен қатар, 120 білім беру ұйымдарында турникеттер орнатылды, 94 білім беру ұйымдарында конкурстық рәсімдер өткізілуде, сондай-ақ кейбір ұйымдарда спорт инвентарьларын жаңарту және толықтыру қажет екені анықталды.