Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2023 жылғы 2 қазанда жеке тұлғалардың 2022 жылға мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталатынын еске салады. Ағымдағы жылы төлем мерзімі 1 қазаннан 2 қазанға ауыстырылды, себебі соңғы төлем мерзімі жексенбіге (демалыс күніне) түседі.
Егер Қазақстан Республикасының аумағында Сізге тұрғынжайлар, ғимараттар, саяжай құрылыстары, гараждар, орынтұрақ орындары, құрылысжайлар, үй-жайлар және өзге де құрылыстар тиесілі болса, онда Сізге олар үшін салық төлеу керек.
Жеке тұлғалардың салық салу объектілері бойынша салықты есептеуді салық органдары салық төлеушінің тұрғылықты жеріне қарамастан, салық салу объектісінің орналасқан жері бойынша есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 қаңтарына дейін құқықтары тіркелген жеке тұлғалардың салық салу объектілері бойынша меншік құқығында иеленудің іс жүзіндегі мерзімін ескере отырып, салықтық базаға тиісті салық мөлшерлемесін қолдану арқылы жүргізеді.
Салық органы салық органы есептеген салықтар сомасы туралы хабарламаны салық төлеушіге – есептеу күнінен бастап 10 жұмыс күнiнен кешiктiрілмей жіберіледі, онда салық сомасы, БСК және басқа да деректемелер көрсетіледі.
Есептелген салық сомалары туралы ақпаратты коммуналдық қызметтердің түбіртегінен, Egov.kz порталындағы жеке кабинеттен және e-Salyq Azamat мобильді қосымшасынан алуға болады. Сонымен қатар, «Kaspi Bank» АҚ және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ мобильді қосымшаларының клиенттеріне алдағы төлемдер туралы PUSH хабарламалар жіберілді. Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтындағы «Алдағы төлемдер» сервисін пайдалана отырып, төлеуге жататын салық сомасын нақтылауға болады.
Салықты тек бір рет төлеу керек екенін ескеріңіз: коммуналдық қызметтердің түбіртегі арқылы немесе мобильді қосымшаларды және басқа қолжетімді әдістерді пайдалану арқылы. Уақытылы төлемеген жағдайда өсімпұл есептеледі, сондықтан салықты алдын-ала төлеуге кеңес береміз.
Салықтар туралы толығырақ 1414 нөмірінен немесе @mkdalmaty_dgdalmaty Instagram парақшасынан біле аласыз.