Алматылықтар жалпы сомасы 735 млн теңге салық төлемеген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Қуаныш Түменбаев мәлімдеді.
Спикер 1 қазанда тұрғын үйлердің, пәтерлердің, саяжай құрылыстарының және өзге де құрылыстардың иелеріне мүлік салығын төлеу қажеттігін еске салды.
«Егер салық кезеңінде салық салу объектісі меншік құқығында он екі айдан аз болса, мұндай объектілер бойынша төленуге жататын мүлікке салынатын салық салық сомасын он екіге бөлу және салық салу объектісінің меншік құқығында болған нақты кезеңдегі айлар санына көбейту жолымен есептелетінін атап өткен жөн. Бірнеше жеке тұлғалардың ортақ үлестік меншігіндегі салық салу объектісі үшін салық олардың осы мүліктегі үлесіне пропорционалды түрде есептеледі», - деді Қ.Түменбаев.
Мүлік салығынан кімдер босатылады:
- Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік еңбек ерлері, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Epi» атақтарына ие болған, үш дәрежелі Даңқ орденімен және «Отан» орденімен марапатталған адамдар - республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшері шегінде, барлық салық салу объектілерінің жалпы құнынан;
- Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлері, жеңілдіктері бойынша соғыс ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттер аумағындағы жауынгерлік әрекеттердің ардагерлері, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, сондай-ақ, 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамырға дейін кемінде алты ай көлемінде жұмыс істеген (қызмет еткен) адамдар және Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталмаған, барлық салық салу объектілерінің жалпы құнынан республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1500 еселенген мөлшері шегінде мүгедектер;
- жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар 18 жасқа толғанға дейінгі кезеңге;
- «Батыр Ана» атағына ие болған, «Алтын алқа» алқасымен марапатталған көп балалы аналар, жалғыз тұратын зейнеткерлер республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшері шегінде салық салудың барлық объектілерінің жалпы құнынан.
Жеке тұлғалардың ішінде мүлкіне салығын төлемейтіндердің толық тізбесі Салық кодексінің 526-бабында көзделген. Бұл ретте салық органдарында жеңілдікті жыл сайын растаудың қажеті жоқ.
«Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша жеке тұлғалардың мүлкіне салық салуға жататын объектілердің (жеке үйлер, пәтерлер, саяжайлар мен гараждар) саны 642 172 құрайды, бағалау құны 3 054 млрд теңге, 2022 жылы есептелген салық сомасы 3,9 млрд теңгеден асады. Өткен жылмен салыстырғанда салық салу объектілерінің саны бағалау құны 6 млрд теңгемен 27 238-ге ұлғайды, оның ішінде жеке үйлердің саны 547 – ге, пәтерлер – 21 262, гараждар-5 246-ға көбейді. Айта кету керек, жаңа салық салу нысандарының негізгі бөлігі (9 167) Бостандық ауданына тиесілі», - деді спикер.
Спикердің мәліметінше, бүгінгі таңда Алматы қаласының 55 644 тұрғынының мүлік салығы бойынша 735 млн теңге қарызы бар. Төленбеген салықтың негізгі сомасы Медеу ауданының тұрғындарына тиесілі, олардың сомасы 315 млн теңгені құрайды, ал төлемегендер саны жөнінен антирейтингті Бостандық ауданының тұрғындары бастап тұр - 37 мың адам.
Департамент тұрғындарды қарыздарын өтеуге шақырады және салықтарды уақтылы төлеуге кеңес береді.
Сұрақтар туындаған жағдайда тұрғындар 1414 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығына жүгіне алады.