Республика күнінің қарсаңында Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қазақстан халқы ассамблеясы мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заңға сәйкес 25 Қазан - Республика күні ұлттық мереке болып белгіленді.
Брифингте сөйлеген сөзінде Алматы қаласы Азаматтық Альянсының төрағасы Қайыржан Әбдіхалықов Республика Күні мерекесінің шығу тарихы туралы еске салды. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен Қазақ КСР Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданды.
«Республика күні - еліміздің барлық азаматтары үшін ортақ мереке. Мен үшін бұл күн патриотизммен, ұлттық бірегейлікпен байланысты. Өткен жылдан бері бізде жақсы дәстүр қалыптасты, ол - ұлттық туды көтеру. Осы арқылы біз ұлттық рәміздерге деген құрметімізді тағы бір рет көрсетіп отырмыз. Шынында да, бұл барлық азаматтарды этникалық, ұлттық шығу тегіне, діни, әлеуметтік және басқа да қалауларына қарамастан біріктіретін мереке. Тарих пен қазіргі заман тұрғысынан республикамыздың қандай жетістіктерге жеткенін көрсететін және айтатын мереке. Егер тарих біздің егемендікке қалай қадам басқанымызды, тәуелсіздік үшін күрескенімізді көрсетсе, онда қазіргі заман тұрғысынан бұл қазіргі Қазақстанның жетістіктері, оның әлемдік аренада және біздің өңірде халықаралық мойындалуы», - деді Қ.Әбдіхалықов.
Сондай-ақ, спикер өз сөзінде болашақ ұрпақты азаматтық және патриоттық құндылықтарға баулу қажеттігіне назар аударды. Ол бұл бағытта белгілі бір қадамдар жасалып жатқанын атап өтті.
Өз кезегінде, қоғам қайраткері және қазақ тілі мұғалімі Алина Кан жастардың ел тарихы мен қазақ тілін үйренуге белсенді қызығушылық танытатынын атап өтті.
«Бүгінде жастарымыздың еліміздің тарихына деген қызығушылығы байқалып жүр. Жастарға патриотизмнің үлгісін көрсетіп, біздің тарихымыз туралы көбірек айтуы керек. Республика күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бұл мен үшін, сондай-ақ еліміздің барлық азаматтары үшін маңызды мереке. Біздің еліміз өркендей берсін!»,- деп қорытындылады ол.