Активтер мен міндеттемелер туралы «кіру» декларациясын толтыру кезіндегі шарттардың бірі 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша қарыздар мен талаптарды көрсету болып табылады.
Яғни, азаматтар декларацияда басқа жеке немесе заңды тұлғалар алдындағы қарыздарын көрсетуі керек. Сондай-ақ, басқа тұлғалардың осы жеке тұлғаға қайтаруы тиіс қарыздары көрсетіледі.
Салық кодексінің нормаларына сәйкес қарыз шарттары нотариалды куәландырылуы тиіс (631-баптың 2-тармағы).
Шарттардың нотариалды куәландырылуы жеке тұлғаның қарызы мен міндеттемелерінің мөлшерін дұрыс көрсетуді қамтамасыз етеді.
Қарыз шарттарын куәландыру тәртібі «Нотариат туралы» ҚРЗ
8-тарауымен регламенттеледі, нотариаттық іс-әрекеттерді жасау мерзімдері 40-бапта айқындалған (барлық қажетті құжаттар ұсынылған және мемлекеттік баж төленген күн).
Осылайша, қарыз шартын декларацияны тапсыру мерзіміне дейін, яғни 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін нотариалды куәландыру қажет.
Қарыздар мен міндеттемелерді бастапқы декларацияда ғана көрсетуге қажет екенін назарға саламыз, тиісті салық есептілігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді (СК 211-бабы 5-тармағының 7) тармақшасы).
Банктік қарыз шарттары декларацияда көрсетілмейді.
Сонымен қатар, заңды тұлғалармен (микроқаржы ұйымдарын қоса алғанда) жасалған қалған қарыз шарттары декларацияда көрсетілуі тиіс.
Нотариалды куәландыруға қатысты сұрақтар туындаған жағдайда Республикалық нотариаттық палатаға жүгіну қажет.
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің
Баспасөз қызметі