2023 жылы мегаполистің 8 тұрғыны жемқорлық фактілерін әшкерелеуге көмектескені үшін ақшалай сыйақы алды. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Арман Рахимов айтты.

Сондай-ақ, жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық фактілерін хабарлаған бес тұлға марапатталды. Оның ішінде үшеуі жалпы сомасы 741 мың теңге ақшалай сыйақы алса, қалған екі мемлекеттік қызметкер алғыс хаттармен марапатталды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілі азаматтардан бөлек мемлекеттік қызметкерлер де сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлайтынын атап өтті.

«Алматы қалалық департаментіне сот әкімшілігінің маманы оған қамаудан босату туралы қаулыны шығаруды жеделдету үшін пара беру фактісі туралы арызбен жүгінген. Бұл факт бойынша аталған құқық бұзушылықты жасаған тұлғаға қатысты айыптау үкімі шығарылды. Өз кезегінде, маман сыбайлас жемқорлықпен күресте көмек көрсеткені үшін алғыс хатпен марапатталды», - деді А. Рахимов.

ӨКҚ спикері атап өткендей, бұл бір ғана жағдай емес. Сол сияқты, шекара әскерлерінің қызметкері қайта тексеруден кейін расталған заңсыз құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлап, көші-қон саласындағы заңнаманың бұзылуының алдын алды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске Алматы қаласы тұрғындарын да белсене атсалысуға шақырады. Нақты заң бұзушылық фактілері туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 телефоны арқылы байланыс орталығына хабарлауға немесе Агенттіктің аумақтық департаменттеріне жүгінуге болады.