2023 жылдың басынан бастап Алматыда ойын бизнесі саласында сотқа дейінгі 18 іс жүргізу тіркелген. ӨКҚ алаңында Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті.
Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Сабырғали Балғалиев казино мен ойын автоматтары залдары Алматы облысында (Қапшағай) және Ақмола облысында (Щучье ауданы) орналастырылуға жататынын атап өтті. Басқа жерлерде оларды ашу заңсыз болып табылады.
«Ойын бизнесі қоғамға үлкен зиян келтіреді. Аурулардың халықаралық жіктемелерінің бірінде құмар ойындарға тәуелділік ауыр патология ретінде таныстырылған және пациенттің өмір салтына үстемдік етіп, әлеуметтік, кәсіби және материалдық құндылықтар мен міндеттемелерді жоғалтуға әкелетін жиі және үнемі қайталанатын құмар ойындары кезінде көрінеді. «Жеңіл» ақшаны бірден ұтып аламын деген үмітпен адамдар көбінесе казино мен ойын автоматтарына жалақысы мен қолында барының бәрін қалдырады. Жедел-тергеу тәжірибесі көрсетіп отырғандай, анықталған жерасты казинолары мен ойын мекемелеріне негізгі келушілер жастар болып отыр», - деді Сабырғали Балғалиев.
Осыған байланысты қала жастары арасында лудоманияның алдын алу үшін Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасымен бірлескен жоспарға қол қойылды.
Белгілісі, заңсыз ойын бизнесінен мемлекеттік бюджетке ешқандай түсім жоқ және одан бөлек, қала тұрғындарының қалталарын қағылып, әмияндары бос қалады. Айта кету керек, заңсыз ойын бизнесімен күрес нәтижесі көбінесе тұрғындардың өздерінің санасына да байланысты. Халықтың құмар ойындардан бас тартуы қылмыскерлерді заңсыз табыстарынан айырады.
Бір жыл көлемінде «Құмар ойынсыз қала» және «Стоп ойын» жедел-профилактикалық іс-шаралары ұйымдастырылды.
Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті 2023 жылдан бастап заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру деректері бойынша - 18 қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі таңда 14 тұлғаға қатысты сот үкімі шығып, олар сотталды, 3 іс сотта қаралуда, Департамент өндірісінде - 5 қылмыстық іс тергелуде.
2023 жылы 4 ойын залдары, 1 букмекерлік кеңсе (4 букмекерлік касса), 5 астыртын ойынхана, 1 онлайн-казино, 2 дерек бойынша әлеуметтік желілерде құмар ойындарды ұйымдастырғандарға қатысты қылмыстық істер аяқталды.
Заңсыз айналымнан 111 монитор, 102 процессор, 1 ойын терминалы, 6 видео ресивер, 900 мың теңгеден аса қаражат және 500 АҚШ доллары тәркіленді. Сондай-ақ, 1 500 терминал жойылған болатын.
Алдын алу шаралары аясында «Кибернадзор» АЖ арқылы онлайн-казино белгілері бар күдікті сайттарға 986 сілтеме бұғатталды.
Департамент Алматы аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты және жойды.
Сондай-ақ, «Telegram» әлеуметтік желісіндегі заңсыз құмар ойындарды ұйымдастырушылардың түрлі ойын автоматтары, слоттары, кено, бинго және рулетка бар онлайн казино түріндегі қызметі тоқтатылды, бұл ретте спорттық іс-шараларға ставкалар қойылды.
Жедел-тергеу іс-шаралары барысында «Тик-Ток» желісінде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру, ставкаларды қабылдау, банктік аударымдар арқылы ұтыстарды есептеу және беру функцияларын қолдайтын онлайн құмар ойындар фактісі анықталды.
«Тергеу барысында Алматы қаласының тұрғындары әлеуметтік желілерде 12,9 млн теңгеден астам сомаға ірі мөлшерде кіріс ала отырып, төрт ай бойы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны дәлелденді», - деді С.Балғалиев.
Аталған мекеме «Ойын бизнесі туралы» ҚР Заңының нормаларына қайшы жұмыс істеді.
Алматының екі тұрғыны ҚР ҚК 3-тармағының 307-бабының 2-бөлігінде қарастырылған қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды (заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру, ірі мөлшерде табыс табумен алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобы) және 1,6 жылға бас бостандығын айыруға үкім шығарылды.
Бұдан басқа, заңсыз ойын бизнесі саласында осындай құқық бұзушылықтар ұйымдастырған 4 адам сотталды.
Профилактикалық іс-шаралар шеңберінде биылғы жылы сауда нүктелерінің меншік иелеріне 100-ден астам хабарлама табыс етілді, қаланың ең криминогенді бөліктеріндегі (Наурызбай, Алатау, Түрксіб аудандары) үй-жайлардың жалға берушілерімен түсіндірме әңгіме жүргізілуде.
Оның айтуынша, бұл іске Алматы тұрғындары да белсенді қатысуда. Департаменттің сенім телефонына азаматтардың өтініштері келіп түсуде, солардың негізінде жедел-тергеу тобы дереу рейдтік іс-шаралар жүргізеді.
Мемлекеттік органның өкілі заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл жұртшылықпен бірлескен күш-жігермен, оның ішінде профилактикалық іс-шаралар жүргізу арқылы көрсетілуі қажет екенін атап өтті.
Департаментте кәсіпкерлерді, қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдерін, блогерлер мен БАҚ-ын заңсыз ойын бизнесімен күреске қосылуға шақырады. Байланыс орталықтарына 1458 нөмірі бойынша хабарласуға болады.