Ұлы Отан соғысы ардагерлерін әлеуметтік қолдау туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов айтып берді.
Бүгінде Алматыда Ұлы Отан соғысының 43 ардагері тұрады. Оларға материалдық қолдау көрсету үшін жыл сайын 1 млн теңге мөлшерінде біржолғы төлем жүзеге асырылады.
«Алматы қаласы әкімінің тапсырмасына және мәслихат шешіміне сәйкес биыл Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне қосымша 1 млн теңге төленеді. Барлығы 2024 жылы олар 2 млн теңгеден алады», - деді Б.Жаубасов.
Осылайша, 2024 жылғы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай біржолғы әлеуметтік көмек төлемдері белгіленді:
- ҰОС ардагерлеріне – 2 млн теңге;
- ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге – 100 мың теңге;
- басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдардың ардагерлеріне – 100 мың теңге;
- Ауғанстандағы немесе соғыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдары кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына – 100 мың теңге;
- қайтыс болған ҰОС ардагерінің әйеліне – 50 мың теңге;
- еңбек майданына қатысушыларға – 50 мың теңге.
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне ай сайын 6,5 АЕК (23 998 теңге) мөлшерінде, және коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуіне байланысты 0,8 АЕК (2954 теңге) мөлшерінде ай сайынғы әлеуметтік көмек түрлері көрсетіледі. Сондай-ақ, ҰОС ардагерлері:
- санаториялық-курорттық емделуге тегін жолдама алуға;
- қалалық қоғамдық көлікте (таксиден өзге) тегін жүруге;
- протездеу және протездік-ортопедиялық бұйымдармен (стоматологиялық бұйымдарды қоспағанда) тегін қамтамасыз етілуге;
- арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемін (үйде күтім көрсету, медициналық-әлеуметтік мекемелерге жолдау) алуда басымдылыққа;
- амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін және шұғыл госпитализациялауды қамтамасыз ететін ұйымдарда жеңілдетілген көмек алуға құқылы.