Барлық ниет білдірушілерді Академияға оқуға қатысуға шақырады. Бұл туралы Алматының өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының жастарды әлеуметтендіру және жастар бастамаларын қолдау бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Бекқайыров мәлімдеді.

Жастар саясаты басқармасының қолдауымен "Алматы қаласының жастар ұйымдарының акселераторы" жобасы іске қосылады.

"Жобаның мақсаты – Алматы қаласының жастар саясаты саласын дамытудың стратегиялық қадамдарын әзірлеу мақсатында тиімді, сапалы және нәтижелі топтық талқылауларды ұйымдастыру", - деді Н. Бекқайыров.

Жоба аясында Алматы қаласының жастар ұйымдарын оқыту бойынша арнайы Академия құрылады.

Академия жастар мен жастар ұйымдарының мүшелерін модульдік бағыттар, түрлі тақырыптар бойынша оқытады. Академия жобаларды басқару, ҮЕҰ-ны ұйымдық-институционалдық дамыту, гранттарға өтінімдерді толтыру, қаржылық және шығармашылық менеджмент салаларын қамтиды.

"Бұл курс өз қызметін жаңадан бастаған ҮЕҰ - ның барлық өкілдері үшін, сондай-ақ әлеуметтік проблемаларды шешу жолдарын сапалы және тиімді таңдауды және оларды іске асыруды білмейтін жастар үшін өте пайдалы және маңызды болады", - деп нақтылады Нұрсұлтан Бекқайыров.

Брифингке қатысқан "Алматы Студенттер Альянсы" корпоративтік қорының жоба үйлестірушісі Жұлдыз Жақсыбай бұл жоба Алматы қаласының 8 ауданында жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Жоба барысында дөңгелек үстел, форсайт-сессия ұйымдастырылады. Сондай-ақ ҮЕҰ бойынша бейнероликтер түсіріліп, талдамалық анықтама жасалады.
ҮЕҰ басшылары мен мүшелерін оқыту үшін оқу жоспарын жүргізетін жоғары білікті мамандар мен сарапшылар тартылады. Спикерлер ретінде жаттықтырушы, коуч Азамат Сқақов, отбасылық психолог Ержан Мырзабаев, ҮЕҰ басшылары, азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мамандары, "Samruk Kazyna trust" қорының өкілдері, Алматы қаласы мәслихатының депутаттары, жас ғалымдар және т. б. қатысады.

Жоба аясында 400-ден астам жастар жетілдіріледі деп күтілуде.

ӨКҚ спикері Алматы қаласының жастары үшін оқыту тегін жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Алматы қаласының жастар ұйымдарының академиясы өз курстарында оқуға қатысқысы келетіндердің барлығын күтеді. Толық ақпаратты ulesqos.kz сайтынан көруге болады. Байланысу үшін +7 702 862 9792 нөміріне (жоба менеджері Жұлдыз Жақсыбай) хабарласуға болады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ