3-4 қазан аралығында Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық оркестрінің 90 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар өтеді. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында оркестр директоры Медет Қуанышев мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, мерекелік іс-шараларға көрші елдердің халық әртістері арнайы шақырылған, олар осындай маңызды күнді атап өтуге өз үлестерін қосады.
«Бұл тек Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық халық оркестрінің ғана емес, жалпы қазақ өнерінің мерейтойы. Көптен күткен ұлы той Алматы қаласындағы Құрманғазы оркестірінің ғимаратында 3-4 қазан аралығында тойланатын болады. Кешке Өзбекстан Республикасының халық әртісі Фарух Садықов пен Қырғызстан Республикасының халық әртісі Бақыт Тілеген арнайы шақыртумен келеді. Сондай-ақ, Нұржамал Үсенбаева, Талғат Күзембаев және Айгүл Кенбаева сияқты еліміздің халық әртістері өнер көрсетеді», - деді Медет Қуанышев.
Қаламыздың қонағы, Өзбекстан Республикасының Халық әртісі Фарух Садықов Қазақстан мен Өзбекстанның музыкалық ұжымдары арасындағы ынтымақтастық дәстүрлі музыканың дамуына қалай әсер ететіндігі туралы айтты.
«Ең алдымен, қазақ бауырларымды бүгінгі мерекесімен құттықтаймын. Шақыртуға рахмет, осындай тәжірибе алмасу әдістері ұжымды байытады. Біз қазақ-өзбек өнерінің ұжымы бір-бірімізге көмектесіп, толықтырып отырамыз. Бастысы — шығармашылық достығымызды сақтап қалу. «Дос болу оңай, ал достықты сақтау қиын» дейді, ал біздің шығармашылық достығымыз 40 жылдан астам уақыт бойы сақталып келеді», — деді Фарух Садықов.
Брифингке оркестрдің бас дирижері Абылай Тілепберген де қатысты. Ол ұжым жұмысының маңызды аспектісі дәстүрлі қазақ музыкасы мен заманауи музыкалық үрдістер арасындағы тепе-теңдікті іздеу екенін атап өтті. Оның айтуынша, оркестр классикалық шығармалардың жаңа түсіндірмелерін іздейді, бұл олардың өзектілігін сақтауға және тыңдаушылардың жаңа буынының назарын аударуға көмектеседі.
Оркестрдің мерейтойына арналған салтанатты іс-шаралар «Інжу-Маржан» деген атаумен 2024 жылғы 3 қазанда басталады, ал 4 қазанда Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген оркестрлердің бас дирижерлерінің қатысуымен «Дирижерлер шеруі» өтеді.
Мерейтойлық бағдарлама аясында оркестрдің қалыптасу тарихын, оның ішінде қазақ музыкасының дамуында маңызды рөл атқарған белгілі күйшілер мен композиторлардың домбыраларын бейнелейтін құнды жәдігерлердің жылжымалы көрмесі ұйымдастырылады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ