Алматыда жыл басынан бері заңсыз айналымнан 41 млн. 433 мың 748 теңгені құрайтын 39 265 бірлік контрафактлік өнімдер тәркіленді. Құқықбұзушыларға 5 865 348 тенге айыпұл салынды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Департамент басшысы Балаим Кесебаева хабарлады.


2024 жылдың 9 айында жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде тауар таңбасын заңсыз пайдалану фактісі бойынша 80 кезектен тыс тексеріс жүргізілді.

«Тексерулер базарларда, сауда және бизнес орталықтарында, сондай-ақ белгілі брендтердің контрафактілік тауарлары сатылатын қоймаларда жүргізілді. Тәркіленген өнімдердің ішінде: ұялы телефондарға арналған аксессуарлар, киім, балалар тауарлары мен ойыншықтар, тәттілер, теледидарлар, автомобиль бөлшектері, мотор майлары және басқа да тауарлар бар. Тексеру нәтижесінде заңсыз айналымнан 41 млн. 433 мың 748 теңгені құрайтын 39 265 бірлік контрафактліік өнімдер тәркіленді. Сот шешімімен құқықбұзушыларға 5 865 348 тенге айыпұл салынды», - деп ақпараттандырды Б.Кесебаева.

Сондай-ақ, жыл басынан бері Әділет департаменті 2 870 000 теңгені құрайтын «WD-40» сауда белгісінің заңсыз бейнесі бар 12 000 жуық дана контрафактілік өнімді тәркіледі. Сот қаулысына сәйкес кінәлі тұлғаларға айыппұл салынып, тәркіленген тауар жойылды.

Айта кетерлігі, департамент жұмысы аясында аталған кезеңде халықтың зияткерлік құқықтарды қорғау туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған рейдтер ғана емес, ақпараттық кампаниялар да өткізілді.

Сондай-ақ, еліміздегі креативті экономиканың ауқымды дамуы үшін жағдай жасауға баса назар аударылды. Оның ішінде зияткерлік меншікті заңды тәсілдермен қорғау.

Сонымен қатар, Департаментте зияткерлік меншіктің жаңа объектілері — «географиялық нұсқамалар» енгізілгені туралы хабарланды, олар еліміздің белгілі бір өңірлерінде өндірілетін тауарларды бірегей деп бөлуге көмектеседі. 2023 жылы «Түркістан шоколады», «Түркістан балмұздақ», «Қарағанды балмұздақ», «Чача-Чача» және әйгілі «Алматы апорты» сияқты тауарлар тіркелген.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ