23 қараша, сенбі күні Алматы қаласының Алатау ауданында жеке тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша «Өртсіз өмір - қауіпсіз болашақ» ауқымды профилактикалық акциясы өтті. Іс-шара Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментімен және Өңірлік коммуникациялар қызметімен бірлесіп өткізілді. Акцияға БАҚ өкілдері, еріктілер және газ қызметінің қызметкерлері қатысты.

Іс-шара барысында ТЖД мамандары 2297 үйдің тұрғындарын хабардар етті. Көмір және отынмен жылытылатын 16 мұқтаж отбасылар үйінде газ иісін анықтау датчиктері орнатылды.

Алматы ТЖД басшысы Нұрлан Атығаев жеке тұрғын үйлердегі қауіпсіздікті арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады. Көп балалы отбасыларды, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоса алғанда, халықтың әлеуметтік осал санаттарына ерекше назар аударылады.

«2018 жылдан бастап Алматыда аз қамтылған отбасылар үшін өтеусіз негізде 1500-ге жуық газ иісін анықтайтын датчигі орнатылды. Алайда, кейбір тұрғындар оларды өшіріп тастайды, бұл үлкен қауіп төндіреді. Біз түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, барлығын өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырамыз», - деп атап өтті Н. Атығаев.

Аудан әкімдіктері атаулы көмек үшін халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 901 отбасын анықтады. Осы отбасылардың барлық 100% - ы профилактикамен қамтылған, оның ішінде 102 отбасы үйлерін қатты отынмен жылытады.

Алатау ауданы әкімдігінің мәліметінше, демеушілер ХӘОТ үшін 200 датчик сатып алған. Датчиктерді орнату жұмыстары жалғасуда.

«Қауіпсіздік үшін — Бірге», «Қөмек қолы» және «Таза түтін мұржасы» акциялары аясында 36 үйде атаулы өрт-профилактикалық көмек көрсетілді. Үйлерде түтін мұржаларын тазалау, жарықшақтарды бітеу, түтін арналары өтетін жерлерде қабырғаларды әктеу және іргелес аумақтарды тазалау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 41 үйде газ иісін анықтайтын датчиктер орнатылған.

Сонымен қатар, мұқтаж отбасыларға жылыту үшін отын беру бойынша іс-шаралар ұйымдастырылды.

Көпшілікті қамту үшін жұмысқа еріктілер, газ қызметі, аудан әкімдігінің қызметкерлері мен қоғам белсенділері жұмылдырылды. Тұрғындарға ТЖД-ның 8 арнайы машинасының көмегімен қосымша ақпарат берілді, олар тұрғындарды жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігі туралы хабардар етті.

Сондай-ақ, мегаполистің ірі сауда орталықтарының бірінде ТЖД қоғамдық қабылдауы жұмыс істеді, онда барлық ниет білдірушілер өрт қауіпсіздігі саласында өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап ала алды.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ