2025 жылы оңтүстік астананың денсаулық сақтау саласы бюджеті 344,7 млрд теңгені құрап отыр. Оның 165,1 млрд теңгесі – МӘМС пакетіне, қалған 179,6 млрд теңгесі – тегін медициналық көмек пакетіне тиесілі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Ілияс Мұхамеджан хабарлады.

Айтуынша, МӘМС шеңберінде қаржыландыру деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 7% өскен.

«Биыл Алматы қаласы бойынша 230 медицина мекемесі Қормен келісімшарт бекіткен, оның 138-і – жекеменшік. Қормен жұмыс істеуге ниет білдірген жаңа клиникалар саны – 12. Олар негізінен емханалар мен стоматологиялық клиникалар.

Кепілдендірілген тегін көмек және МӘМС пакеттері бойынша тапсырыс алған емханалар мен стационарлар тізімін Қордың msqory.kz ресми сайтынан табуға болады», - деп атап өтті Ілияс Мұхамеджан.

2025 жылы қаржының басым бөлігін яғни, 46 млрд теңгесін амбулатория деңгейінде көрсетілетін медициналық көмекке, соның ішінде, емхана қызметіне, 36,9 млрд теңгесін консультативтік-диагностикалық қызметтерге жұмсау жоспарланған. Бұл бағытты қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 23% артып отыр.

2025 жылы жүкті әйелдерді антенаталды бақылауға қоса, МӘМС шеңберінде бала сүюге дайындалып жүрген (прегравидарлық даярлық) ерлі-зайыптыларға консультативтік-диагностикалық көмек қарастырылған. Бұған Қор 651 млн теңге бөлді. Бұл дені сау ұрпақ әкелуге жоспарлы дайындық деңгейін көтеруге көмектеседі.

Прегравидарлық даярлық (алдын-ала даярлық) – ерлі-зайыптылардың дүниеге бала әкелуге дайындығы мен денсаулық жағдайын диагностикалауға арналған профилактикалық және емдік шаралар кешені. Ол «Аналар саулығы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүргізілмек.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ