Алматы қаласының тұрғындары экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) бағдарламасын белсенді түрде пайдаланып келеді. Бұл процедура толықтай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы қаржыландырылады.

2024 жылы ғана «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында жалпы құны 3,9 млрд теңгеге 3229 процедура жүргізілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалының директоры Ілияс Мұхамеджан мәлімдеді.

Спикер сөз барысында ЭКҰ процедурасын тиімді пайдаланған азаматша туралы мысал келтірді. 37 жастағы кәсіпкер әйел бір жыл ішінде 71 400 теңге көлемінде сақтандыру жарнасын төлеген. Ал оған жасалған ЭКҰ процедурасының құны — 1,2 млн теңге болған, бұл — оның төлеген жарнасынан 17 есе жоғары. Сонымен қатар, оған диагностикалық қызметтер де тегін көрсетілген.

Бұдан бөлек, қор басшысы алматылықтардың консультативтік-диагностикалық қызметтерді белсенді пайдаланып жүргенін атап өтті. 2024 жылы 102 мыңнан астам КТ және МРТ зерттеулері жүргізіліп, олардың жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрады. Бұрын бұл қызмет түрлері тек әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға ғана қолжетімді болса, қазір барлық сақтандырылған азаматтар пайдалана алады.

«МӘМС жүйесінің артықшылығы — табыс деңгейіне қарамастан толыққанды медициналық көмек пен диагностика алуға мүмкіндік беруінде», — деп түйіндеді спикер.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ