Алматыда аумақтарды кенелерге қарсы өңдеудің бірінші кезеңі басталды – оның аясында 2300 гектардан астам саябақ, сквер және орман алқаптары қамтылады. Аталған жұмыстар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің 2025 жылғы 18 наурыздағы №59-ө бұйрығына сәйкес жүргізілуде. Бұл туралы Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
«Өңдеуге жататын объектілер – жалпы ауданы 1764,9 гектар болатын 8 орман массиві және 601,6 гектар ауданды қамтитын 101 қалалық саябақ пен алаң. Дезинфекция орталығының мамандары біздің бақылауымызда өңдеу жұмыстарын жүргізуде, біз әр кезеңде тиімділікті қадағалап отырамыз», — деді спикер.
Оның айтуынша, кенелерге қарсы бақылау энтомологиялық әдістермен де жүргізіледі. Эпидемия маусымының басында мамандар адамдардан жиналған 34 кене үлгісін зерттеді. Бір үлгіде кенелі энцефалит антигені табылды. Шағу оқиғасы Алматы облысында болғаны анықталды.
«Алдын алу шаралары ретінде біз алматылықтарды жабық киім киіп, репелленттерді қолдануға, табиғатта серуенденгеннен кейін өздерін және жеке заттарын мұқият тексеруге кеңес береміз. Кене шаққаннан кейін төрт күннен кешіктірмей медициналық көмекке жүгіну маңызды», — деп атап өтті Қалықова.
Сондай-ақ, ол қалада қосымша вакцинация бар екенін айтты. Денсаулық сақтау басқармасының қоймасында бельгиялық TicoVac вакцинасының 11 447 дозасы бар. Бастапқы курс үш дозадан тұрады, бірақ қыста егуге үлгермегендер үшін шұғыл схема қарастырылған.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ